Хабар телеарнасы

Ата-ана зейнетақы шотында артылған соманы баласының ипотекасын жабуға жұмсай алады

Бүгінгі күннің ғана емес, биылғы жылдың басты жаңалығы болатын сыңайлы ғой. Иә, елдегі баспана мәселесі жайын барлығымыз жақсы білеміз. Пәтер жалдап, өз үйін алуды армандаған қазақстандықтар жетерлік. Ипотекасын ерте жабуды жоспарлап жүргендер көп. Ал осы зейнетақы қорында артылған ақшасын алып, ата-ана өз баласының ипотекасын жаба ала ма?

Риат Шони, тілші:

– Иә, көптің көкейінде жүрген сұрақтар көп. Оған 70 минутқа жоспарланған брифинг барысында жауапты мамандар егжей-тегжей түсіндіруге тырысты. Сонымен әріптесім қойған сұрақтарға жауап бере кетсем. Ереже бойынша, ата-ана өздерінің зейнетақы шотында артылған соманы баласының ипотекасын жабуға жұмсай алады. Оған ешқандай шектеу жоқ екен. Бұл сұраққа қатысты «Отбасы банкі» АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаевтың берген жауабын тыңдап көрсек.

Жансұлтан Матаев, «Отбасы банкі» АҚ Орталық филиалының директоры:

– Әрине, болады. Егер де жеткілікті мөлшердің үстіндегі қаражаты жеткілікті болса, онда баласының атына сол зейнетақы қорындағы қаражаттарын беріп, баласының ипотекалық қарызын жабуға болады.

Тағы бір айта кететін жайт, бұл жер үй саламын дегендерге қатысты. Иә, барлығымыз білетіндей, жер үйдің құрылысына қажетті материалды базар аралап жүріп сатып аламыз. Құрылыс бригадасын жалдап, олардың еңбекақысын береміз. Ал егер зейнетақы шотынан артылған соманы алып, төлейтін болсақ, қалай болмақ? Қаражат қалай бақыланады?

Еркебұлан Дауылбаев, Құрылыс және ТҮКШ істері комитеті төрағасының орынбасары:

– Біріншіден, ол шын мәнінде өзінің жеке тұрғын үй құрылысына қаражат қажет болатын болса, ол міндетті түрде қаражат жинауы тиіс. Тиісті келісімшарттары болуы керек. Өйткені лицензиясы бар құрылыс компанияларының қызметін пайдалануымыз қажет. Солардың рұқсатымен лицензиясымен құрылыс жүргізілуі тиіс. Яғни сол құрылыс компаниясы мен технадзормен екі ортада тапсырыс берушінің арасында келісімшарт болуы міндетті. Құжатсыз ешқандай құрылыс жүргізіп, бұл қаржыны жұмсай алмайды.

Құжат-құжат. Құжатсыз ешкім де ештеңе бермейді. Тағы ереже бойынша, ерлі-зайыптылар, жақын туыстар бір-бірінен зейнетақы қорындағы қаржыны пайдаланып, үй сатып ала алмайды. «Бұл ертең болуы мүмкін түрлі отбасылық даудың алдын алуға қатысты қойылған шектеу», – дейді мамандар.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы:

– Мысалы, менің жұбайымда үй бар. Мен зейнетақы шотымда артылған соманы шешіп, сол пәтерді сатып алдым дерлік. Бірақ ақша біздің отбасымызда қалады ғой. Біз баспана мәселесін шешкен жоқпыз. Тек қана ақшаны алдық. Кейін сол пәтерде де бірге тұрамыз, сол қаржыны да бірге жұмсаймыз. Сондықтан бұған шектеу қойылып отыр. Бұл ертең ерлі-зайыптылар мен туыстар арасындағы түрлі даулардың алдын алады. Өйткені бірнеше жылдан кейін: «Сен менің пәтерімді сатып алған жоқсың, тек қана өз атыңа ауыстырдың, ал ақшаны жұмсап қойдың», – деген сияқты түсініспеушіліктер туындауы мүмкін.

Авторы: Риат Шони