Хабар телеарнасы

Ломбардтар мен микроқаржылық ұйымдарға 5,7 млн теңге айыппұл салынды

Заңсыз әрекетін бүркеп, халықты қапы қалдырып жүргендері де жетерлік. Бәрі бірдей емес, әрине. Заңды белден басып, талайды сан соқтыруға мәжбүрлеген аляқтардың жұмысы бұдан былай ерекше бақылауға алынады. Сонда да мамандар алдымен мұндай мекемелердің есігін қақпас бұрын, заңгердің көмегіне жүгінуге кеңес береді. Әйтпесе, әккі алаяқтардың арбауына түсіп, тақырға отырғандардың санын толықтыруыңыз ғажап емес.

2020-ның көрсеткені көп болды. Тіпті осы жылдың өзін қысқартып 20 деп жазғаны үшін талай жан опық жеді. Соның бірі – Алина Тасмағамбетова. Айтуынша, қаражат қажет болған соң, микроқаржылық ұйымға көлігін тапсырыпты. Олар 20 деген санның соңына 19-ды қосып, құжатты өткен шақтың еншісінде рәсімдеген. Сөйтіп, төлеу мерзімін шегеріп, айыппұл көлемін заңсыз өсіріпті.

Алина Тасмағамбетова, жәбірленуші:

- Олар әзірлеген жалған құжатқа сүйенсек, мен көлікті жарты жылдан астам уақыт алмағанмын. Көлікті кері қайтару үшін 23 млн теңге көлемінде ақша төлеуім керек екен. Тіпті жаңа көліктің өзі ондай бағада сатылмайды. Дереу тиісті мамандарды шақырып, мәселені шешуге тырыстық.

Кейіпкер мұндай алаяқтардың әрекетінен екі рет аузы күйген. Алина карантинде ақшадан тарығып, ноутбугін ломбардқа өткізеді. Арада уақыт өтеді. Затын кері қайтаруға барса, әлгі мекеме ұшты-күйлі жоқ. Ғимарат өртеніп, содан жабылыпты-мыс.

Алина Тасмағамбетова, жәбірленуші:

- Иә, әлгі орын өртеніпті. Барлық зат та жанып кеткен дейді. Өткен жылдың сәуір айынан бері жұмысын тоқтатыпты. ЖШС құжаты жоқ адамға рәсімделген сияқты. Себебі зиян тартқан тағы 30 жәбірленушімен бірігіп таба алмадық. eGov базасы арқылы тексеріп едік, ол кісінің есімі бұғатталыпты. Міне, содан бері бір жыл өтті. Не ақша, не заттарымыз, не алдаған адам жоқ.

Бұл микроқаржылық ұйымдардың ұйымдастырған алғашқы әрі соңғы әрекеті емес. «Ел азаматтары абай болмаса, әлі талайдың басына әңгіртаяқ ойнатуы мүмкін», – дейді мамандар. Бүгінде заңсыз жұмыс істейтін орындардың санын азайту үшін арнайы заң жобасы әзірленген. Мәселен, МҚҰ лицензиялау үшін Нұр-Сұлтан 50 млн, ал ломбардтар үшін 20 млн теңге болуы шарт. Бұдан бөлек, клиенттің несиелік тарихы мен төлем қабілеті ескеріледі.

Мәди Сарбупин, «ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі» РММ Нұр-Сұлтан қаласындағы ӨӨ басқармасының бас маманы:

- Микроқаржылық қызметтері қарыз беру кезінде шамадан тыс қарыз бермеу үшін борыштық жүктемесін есептеудің тәсілі ұсынылған болатын. Яғни микроқаржылық қызметтер қарыз беру қарыз алушының қарыз жүктемесін санап, оған қандай мөлшерде қарыз беру керектігін есептеуі тиіс.

Аталған жоба азаматтардың алдануына жол бермейді деу әбестік. Сол үшін адамдар алдымен өздерінен есеп алу үйренген жөн. Мамандар «көршіңді ұры тұтпа, өзіңе мықты бол» дегенді алға тартады.

Андрей Чеботарёв, халықаралық инвестициялық компанияның қаржы сарапшысы:

- Әрине, адамдардың қаржылық сауатсыздығын барлығы дерлігі теріс пиғылда пайдаланбайды. Біз несие алу жаман дейміз. Бірақ олай емес. Егер несиені балға деп алып қарайтын болсақ, сіз аталған құралмен үй де саласыз. Ол балғамен біреуді ұруға да болады. Бұл – тек жай ғана құрал. Десе де, дәл солай. Егер қаржыны қалай жарату керегін білсең, оны төлеудің де ретін білесің деген сөз.

Ешкім болашағын болжап білмейді. Сондықтан қырағылық таныту артық емес. Қазір кез келген адамның несие тарихы, заңды мекенжайы және компания атауын онлайн қызметтің көмегі арқылы табуға болады. Алғашқы 20 анықтама тегін. Бұдан бөлек, әр келісімшартты мұқият тексеруды ұмытпаған жөн.

Авторы: Бірлік Берікұлы