Хабар телеарнасы

Түркістан облысында 5 ауданның инфрақұрылымы дамиды

Ал осы елді мекендерді көркейту, сайып келгенде елдің дамуына серпін беретіні тағы рас. Мәселен, қазір Түркістан облысында халқы тығыз орналасқан шекаралық аудандарды көркейтуге баса назар аударылып отыр екен. Оған қажетті қаражат та бөлініп жатыр.

Мысалы, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес және Шардара аудандарының инфрақұрылымын дамытуға облыстық бюджеттен 40 миллиард теңге бөлінген. Оған аудандағы елді мекендердің дамуына серпін беретін 67 жоба жүзеге асырылуда. Оның оны Үкіметтің қолдауымен мақұлданып, 2021 жылға тиісті қаржы қаралуда.

Түркістан облысының оңтүстігіндегі Өзбекстанмен шекаралас жатқан бес ауданда газ, су, жол сияқты инфрақұрылымдық проблемалар бар. Осы мәселені шешу үшін аймақ басшысының бастамасымен кешенді жоспар түзілген. Қазір осы бағыттағы жұмыстардың бір парасы аяқталды. Мәселен, Ынтымақ пен Еңкес ауылдарының ортасын жалғайтын Келес өзенінің үстінен салынған жаңа көпірдің құрылысы аяқталды. Бұрын екі ауылдың 13 мыңға жуық халқы бір-біріне қатынау үшін 15 шақырымдай жолды айналып өтетін. Енді ұзындығы – 60, ені 10 метр болатын өткел екі ауыл арасындағы жолды жеті есеге дейін қысқартқан.

Ергеш Исақов, Ынтымақ ауылының тұрғыны:

– Бұрын екі ауылдың арасы 15 километрге жақын еді. Жол ұзақ еді. Айналма жол, уақытың кетеді. Қазір мына жаңа көпір біткелі халыққа өте ыңғайлы болып қалды. Екі-ақ километр аралық. Тез келесің, уақытыңды, жолыңды үнемдейсің.

Бес ауданды дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, 2020 жылы 30 миллиард теңге қаралып, оған бірқатар әлеуметтік нысандар мен жолдар жөнделді. Мәселен, Сарыағаш қаласында 34 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Құркелес, Жібек жолы, Қабланбек, Қызылжар ауылдық округтеріндегі 5 көшенің 9 шақырымы ретке келтірілді. Бұдан бөлек, ауызсу жүйелері мен газ құбырлары тартылды. Десе де негізгі басымдық облыстық маңызы бар және ауыл арасындағы жолдарды жөндеуге беріліп отыр.

Ролан Ибрагимов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– 1,5 мың шақырым жол жөндеуден өтті. Биыл бізде 700 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына смета 1,5 миллиард теңгеге істелінген. Оның 1 миллиарды игерілді. 500 мыңы биыл жасалады.

Кешенді жоспар аясында 5 ауданның инфрақұрылымын дамытуға бөлінген 40 миллиард теңгенің қалған 10 миллиарды биыл игеріледі. Оған Үкімет тарапынан мақұлданған жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оңтүстіктегі бес ауданды дамытуға арналған кешенді жоспар 2020-2021 жылдарға арналған. Осы жұмыстар толық аяқталған кезде аудандардағы елді мекендердің дамуына серпін беретін 67 жоба жүзеге асырылады.

Сонымен қатар биыл Сайрам ауданында да жаңа нысандар бой көтеріп, елдімекендер жанданады деп күтілуде.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы