Хабар телеарнасы

Пандемия салқыны шағын және орта бизнеске қатты тиді

Тек Атырау облысында 18 мыңға тарта бизнес тұралап тұр. Ел Президенті биылғы Жолдауында аса қатты зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің несиелерін 6% дейінгі мөлшерлемемен субсидиялауды тапсырған болатын. Бұл бизнес субьектілері үшін үлкен көмек болары анық. Алайда іс жүзінде түйткілді мәселе түбегейлі шешімін таппай отыр.

Талғат Ибрагимовтің ойын-сауық бизнесімен айналысқанына он жылдан асыпты. Кәсібін әрі қарай дамыту үшін банктен 17% үстемемен 280 млн несие алған екен. Алайда пандемия басталғалы шаруасы тоқырап қалған. Қазір өзіне қарасты үш ойын-сауық орталығының бірін мүлдем жауып жатыр.

Талғат Ибрагимов, кәсіпкер:

- Банкроттың аз-ақ алдында тұрмыз. 60-қа тарта адам болған. Барлығы қысқарды. Несие алған банкке үш рет өтініш бердім. Бірақ міне жеті ай өтті, хабар жоқ. Қазірдің өзінде үстеме проценттің өзі 8 млн-нан асып барады. Менің сұрайтыным банк проценттік үстемесін түсіріп, пенияны тоқтатса деймін.

Пандемияның тақсіретін тартқандар қатарында қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану орындары және мерекелік шара ұйымдастыру мекемелері бар. Олардың кейбірі әлі күнге жұмысын бастай алмай отыр. Ал бизнеске келген шығын күн санап өсіп барады.

Қуаныш Таңатаров, жекеменшік телестудияның директоры:

- Алдыңғы жылдары 20-30 млн теңге ақша айналымы болатын. Биыл 80% дейін азайды. Кейбір қызметкерімізді ақысыз демалысқа жібердік. Сондай-ақ жалдап отырған ғимаратымыз бар, оның да кейбір айға бережақтарымыз бар.

Мемлекет басшысы 1 қаңтарындағы Жолдауында экономиканың зардап шеккен секторындағы шағын және орта бизнестің несиелерін жылына 6% дейінгі мөлшерлемемен субсидиялауды тапсырған болатын. Бұл мақсатқа қосымша 200 млрд теңге бөлінетіндігін айтқан.

Абдолла Идересов, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Мұның ішіне 29 кәсіпкерлік сала жатады. Зардап шегушілер өзі несие алған банкке хабарласа отырып, 31 тамызға дейін алынған несиелер ғана осы 6% ілігеді. Бүгінгі таңда банктерде арыз қабылдау процесі жүріп жатыр. Егер несие жөнінде мәселелер болса, банктерге баруға болады.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Локдаун кезінде облыстық кәсіпкерлер палатасына 600-ден астам арыз түскен. Оның ішінде несие төлеуді кейінге шегеру, жұмысын тоқтатқан бизнес субьектілерінің коммуналдық қызметке борышын субсидиялау секілді түйінді мәселелер бар. Қазір облыс бойынша 524 кәсіпкердің 3 млрд теңгеден астам несиелік міндеттемелері банктермен келісім бойынша кейінге қалдырылды.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев