Хабар телеарнасы

Ақтөбеде отандық өндіріске басымдық берілуде

Тек 6 айдың қорытындысы бойынша тартылған инвестиция жоспарланған межеден асып түскен. Жыл соңына дейін оның жалпы көлемі 700 млрд теңгені құрап, 16 жаңа жоба іске аспақ. Нәтижесінде жергілікті мазмұндағы өнімнің үлесі едәуір артады. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін ауқымды істер қолға алынған.

Ақтөбеде өндірілетін полиэтилен пакеттері тек өңірге ғана емес, елдің өзге де аймақтарына жақсы таныс. Толық қуатында жұмыс істеп тұрған цех жылына 1200 тонна дайын өнім шығара алады. Таяу уақытта мұнда қағаз қалдықтарын өңдеуге бағытталған тағы бір жаңа жоба жүзеге аспақ. Жоспар бойынша өндіріс көлемі қосымша 10% артатын болады.

Қалқа Жаманғарина, кәсіпорынның коммерциялық директоры:

- Өнім алдымен жергілікті базарға жіберіледі. Атырау, Батыс Қазақстан облыстарына жөнелтеміз. Сонымен бірге бізде медициналық қалдықты жоюға арналған пакет шығарылады. Пандемия кезінде сұранысы жоғары болды.

Ал келер айда ақтөбелік кәсіпорындардың қатары құрылыс материалдарын шығаратын жаңа зауытпен толықпақ. Жалпы құны 15 млрд теңгені құрайтын жоба іске асқанда 60 адам тұрақты жұмыс тауып, жылына 120 млн дана силикат кірпіші және әктас пен қиыршық тас шығарылатын болады. Бұл, ең алдымен, тұрғын үй бағдарламаларын жергілікті жерде өндірілген материалдармен іске асыруға септігін тигізбек. Қазір бұл тұрғыдағы көрсеткіш 80% асқан. Ал жыл соңына дейін дәл осы секілді 16 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның арасында өндірістен өзге ауыл шаруашылығы және білім саласында да жобалар бар. 

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:

- Әр жоба бойынша кесте құрылған, мерзімі бар. Осы 16 жоба аясында кемінде 122 млрд-қа жуық инвестиция тартылуы керек. Сондай-ақ бүгінде өндірісте жасап жатқан мекемелер осы кесте бойынша барлық инвестициялық жобаны жыл соңына дейін аяқтауы керек.

Жобалардың іске асуы өңір экономикасына серпін бермек. Сондықтан да оны орындауға баса көңіл бөлінуде. Бұдан өзге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясындағы істер де басты назарға алынған.

Авторы: Әнуарбек Мырзатайұлы