Хабар телеарнасы

Жұмыспен қамтудың жол картасы: ШҚО-да 77 млрд теңге бөлінді

Биыл бұл өңірде осы  бағытта 817  жоба жасалып, оған 77 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік саладағы ғимараттарды жөндеп, инфроқұрылымды жаңғыртуға жұмсалмақ.

Жұмыспен қамту бағдарламасының шапағаты шығыста әр салаға тиіп жатыр. Тек Шемонайха ауданында инфроқұрылым мен әлеуметтік нысандарды жаңғырту үшін 70 жоба жасалып, оған 2 миллиардқа жуық теңге бөлінді. Нәтижесінде ауданда 647 адам еңбекке тартылды. Жаңарып-жаңғыратын нысандардың басым бөлігі – әлеуметтік нысандар. Солардың бірі – ауылдағы 50 жылға жуық жөндеу көрмеген мәдениет үйі.  

Любовь Ступенько, Выдриха ауылдық округінің әкімі:

– Біздің мәдениет үйіміз 1963 жылы салынған. Бұған дейін ұсақ-түйек болмаса, бірде бір рет толық жөнделмеген. Ауылдағы ауыл шаруашылығы серіктестігі иелік етіп отырды. Ал биыл мемлекеттік бағдарламаның арқасында 40 миллион теңге бөліп, толық жөндеуден өтті. Енді ауылдағы барлық іс-шара осында өтетін болады.  

Глубокое ауданында да жол картасы бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар істеп жатыр. Әлеуметтік мекемелердің жылу жүйесі жаңаланып, мәдениет үйі мен кітапханалар жөнделді.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

– Бұл енді ГЧП саласында істелген жұмыс. Мынау ғимарат туралы айтсақ, былтыр халықпен кездескенде, ұсыныс болған, міне осы жұмысты бастадық. Қалай болғанда да мына нысан жылдың аяғында салыну керек.

Семейде жаңадан бой көтерген Қарағайлы шағынауданындағы көпқабатты үйлерге жаздың соңына дейін инженерлік желілер тартылмақ. Бұл ауданда былтыр қазан айында басталған жұмыс биыл қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.

Шадияр Күншаев, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

– «Жобаның жалпы құны – 187 млн 901 мың теңге. Инженерлік желілердің  жалпы ұзындығы 1,5 шақырымдай болады.  Бүгінге дейін жылу, су және кәріз құбырын тарту бойынша жұмыстар істелді. Нәтижесінде көпқабатты 5 үй инженерлік желіге толық қосылады.

Жалпы шығыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобасы бойынша 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Осылайша атқарушы билік пандемия кезінде халықты уақытша болса да,  еңбекпен қамтуды ойлап отыр.  

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий  Пыхтин