Хабар телеарнасы

Қазақстанда дағдарысқа қарсы шараларға 5,95 трлн теңге қарастырылған

Қаржы министрлігі қомақты қаржының нендей мақсатқа жұмсалғанын жіпке тізіп айтып берсе де, қоғамда сенбейтіндер әлі де бар. Бюджеттің ашықтығы жөніндегі рейтинг бойынша Қазақстан әлем елдері арасынан 58-орында тұр. Бұл тізімнің қақ ортасы десе де болады. Нәтиже жаман емес. Алайда әлі де алға ұмтылу керек. Бұрын бюджетке қатысты ақпарат «бұл – мемлекеттік құпия» деген сылтаумен көп жарияланбайтын. Ал қазір ше? Бюджеттің кірістері мен шығыстарына талдау жасау үшін openbudget.kz немесе publicbudget.kz-ке кіріп, қаржылық құжаттармен таныса алады. Демек, әлеуметтік желі қолданушыларының бұлай даурығып жатуына негіз бар ма?

Бірлік Берікұлы, тілші:

- Небәрі 1,5 ай ішінде коронавируспен күреске 5,9 трлн теңге жұмсалды. Бұл – жансақ пікір. Әсте олай емес. Билік дерттің таралуын тежеуге қаржы бөлгені рас. Бірақ 5,9 трлн емес, 125 млрд теңге ғана. «Ал ақшаның қалған бөлігі қайда кетті?» деген ой мазаласа, баяндайын. Қомақты қаражат ел экономикасының тұраламауына, азаматтардың жұмыссыз сандалмауына бағытталған екен. Себебі карантиннен кейін де өмір бар емес пе?!

Жалпы әлеуметтік желіде талқыға түскен ел қазынасының 3,4 трлн теңгесі бюджет есебінен, ал 2,5 трлн теңгесі бюджеттен тыс қаражат есебінен тартылған.

Енді тізбектейтін болсақ, ақшаның 1 трлн теңгесі жұмыспен қамту жол картасына бағытталады. Яғни 300 мыңдай жұмыс орнын ашып, өңірлерде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады. Тағы 1 трлн теңгесі шаруасы шатқаяқтап қалған кәсіпкерлерге үлестіріледі. Нақтырақ «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие беруге бағытталады. Бұдан бөлек 237 млрд теңге бизнестің салық шығынының орнын толтыруға жұмсалады.

Байқасақ, бюджеттің ауқымды бөлігі, яки 1,7 трлн теңгесі әлеуметтік міндеттемелерді орындауға және республикалық салық шығынының орнын толтыруға бөлініп отыр. Қиын уақыттан халық қысылмай шығуы үшін әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы, шәкіртақы 10% өсті. Бұл үшін 313 млрд теңге бөлінді. Төтенше жағдайда табысынан қағылғандарға 42 500 теңгеден берді емес пе? Сол қаржылай көмекті көрсетуге 370 млрд теңге жұмсалыпты. Тағы 390 млрд теңгесі баспана мәселесін шешуге бағытталмақ. Енді үй-күйсіз жүргендерге 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынбақ.

Иә, қауіпті індеттің келуі тек Қазақстан емес, бүкіл әлем елдерінің экономикасын есеңгіретіп тастағаны жасырын емес. Ал оның таралуын тежеу үшін тиісті шараларға 125 млрд теңге бөлінді. Оның 41 млрд теңгесі дертпен күні-түні күресіп жатқан дәрігерлерімізге төленсе, 14,6 млрд теңгесі модульдік ауруханалардың құрылысына жұмсалған. Тағы 31 млрд теңгесі әлеуметтік әлжуаз топқа, азық-түлік пен тұрмыстық зат үлестіруге бағытталған.

Тоқ етері: бұрын-соңды тәуелсіз Қазақстанның тарихында болмаған мұндай қиын-қыстау кезеңде жұрттың ойы сан-саққа жүгіретіні түсінікті. Мұндайда тек сенімді ақпарат пен дәлелді дерек қана көңілге медеу бола алады. Келтірілген ақпараттар ресми сайттарда да жарияланған.