Хабар телеарнасы

Сарапшылар: Қазақстандық шағын және орта бизнестің 30% жабылады

Бұған дейінгі дағдарыстар ең болмағанда еркіндікте өткен, ал бұл жолғысы адамзаттың аяқ-қолын матап тастады. Анығы сол, бұл дағдарыстан бәрінің бүтін шығуы неғайбыл. Әсіресе, бизнестің.

Осыны түсінген елдер өз бизнестерін қорғауға және қолдауға жанталасып жатыр. Салықтық жеңілдіктер, арзан несие. Вирустық дағдарыстың қазақстандық бизнеске әсерін жеңілдету үшін Үкімет бірқатар шұғыл шара қабылдады. Себебі болжамдар қуантпайды. Кейбір сарапшылардың айтуынша, қазақстандық шағын және орта бизнестің 30% жабылады.

Владимир Кашевичтің көлік жөндеу бизнесі 19 наурыздан 20 сәуірге дейін жұмыс істеген жоқ. Кәсіпкер тура бір айда 15 млн теңге шығын көрді. Бірақ бизнесмен үшін ең қиыны қызметкерлерді ұстап қалу болды. Себебі темірдің тілін түсінетін мамандар онсыз да аз бізде.

Владимир Кашевич, кәсіпкер:

- Карантин кезінде бірқатар қиындықпен бетпе бет келдік. Соның бірі – кадрларды қаржылық қамту мәселесі. Мен үшін ең бастысы ешкімді қысқартпай, керісінше оларды материалдық, моральдық тұрғыдан қолдау маңызды. Бұл ретте 42 500 теңге көлеміндегі мемлекеттік өтемақының көмегі тиді.

Владимир Кашевич коронавирустық дағдарыс дәл бүгін аяқталса да, оның салдарын шамамен әлі жарты жылдай сезінетінін айтады. Ал жалғасса, жағдай тіпті қиындай түседі. Бизнесмен мемлекет берген көмекті барынша пайдаланды. Кредиттерінің төлеу мерзімін шегерді, салықтық демалыс алды.

«Бүгінде шағын және орта бизнес күрделі жағдайға тап болды. Осы салаға қазір көмектеспесек, экономиканы қалпына келтіре алмаймыз. 700 мыңнан астам компания мен жеке кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржыны үнемдей алады. 1,6 миллионнан астам адам, 11,5 мың шағын және орта бизнес өкілі несиелерін кейін төлеуге мүмкіндік алды. Бұл жалпы алғанда 360 миллиардтан астам теңгені қамтиды. Шағын және орта бизнеске тиімді несие беру үшін қаражат бөлінді».

2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1 млн 300 мыңнан асады. Соның 1 млн-нан астамы ұсақ бизнес, 200 мыңнан астамы шағын, ал 5 мыңы орта бизнес субъектілері.

Ал ірі кәсіпкерліктің саны бір мыңнан сәл асады. Пандемия қазақстандық бизнеске қанша шығын әкелді? Мұның нақты жауабын дәп қазір ешкім айтып бере алмайды. Бірақ 1 млн қазақстандық бизнес субъектілері өз жұмыстарын толығымен тоқтатты деген дерек бар.

Рүстем Жүрсінов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі:

- Мен біздің Үкіметтің осындай қиын сәтте тез шешім қабылдау қабілетіне оң баға беремін. Кезең-кезеңімен өтемдік шараларды қабылдай бастады. Соның бірі, бір жылға мүлік салығынан босату. Екіншісі, шағын және орта бизнес 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтар мен әлеуметтік төлемдерден босатылды. Әрине, мұның ең басты себебі адамдардың жұмыссыз қалмауы ғой, дегенмен 32% жүктемені ескерсек, бұл жақсы көмек. Бұл жеңілдікке ілінген субъектілер өте аз. Сондықтан біз бұл көмектің көлемін кеңейтуді Үкімет деңгейінде қарастырып жатырмыз.

Сәуірдің аяғын ала 2 300 кәсіпорын сауалнамаға қатысып, солардың 45% өз қызметтерін толығымен тоқтатқанын айтқан. Тағы 30% қысқартылған жұмыс күніне көшсе, бизнестің тек 25% ғана шектеуді еш сезінбеген. Солардың бірі – елордалық кәсіпкер Арслан Айнақұлов.

Арслан Айнақұлов, кәсіпкер:

- Бітпейтін шағымдар. Сондықтан біз қазір ешкімді тыңдап жатқанымыз жоқ. Иә, дағдарысқа байланысты тиімсіз шектеулер бар. Біз керісінше үлкен мүмкіндіктер көріп тұрмыз.

Ашылғанына енді 1 жыл толатын дәмхана коронавирустық пандемияға байланысты жұмыс істеу тәртібін де, тәсілін де түбегейлі өзгертті. Бұрын келушілерге мінсіз қызмет көрсету міндет болса, ендігі миссия – тапсырыс берушілерге тағамды тез жеткізу.

Арслан Айнақұлов, кәсіпкер:

- Карантинге дейін күніне 5-20 мың теңге көлемінде сыртқы тағам тасымалдасақ, қазір біздің бір күндік рекордымыз 300 мың теңге. Әрине, шығындар бар, табысымыз азайды. Қызметкерлерді демалысқа жіберуге мәжбүр болдық. Мемлекет берген жәрдемақының арқасында олардың біршама уақыт күте тұруға мүмкіндіктері бар.

Арзан ақша – кез келген бизнеске үлкен қолдау. Мемлекет бұл ретте қазақстандық бизнеске 2 басты бағдарлама ұсынады. Соның бірі – «Бизнестің жол картасы-2025». Бұл бағдарлама аясында салалық шектеулер алынып тасталды, яғни енді кез келген шағын және орта бизнес субъектілері өтінім бере алады.

Шыңғыс Ахметов, ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры:

- Несиенің көлемі 7 млрд теңгеге дейін өсіп отыр. Мемлекет тарапынан кепілдендіру көлемі де ұлғайып отыр. Бұрын тек 360 млн теңге болса, қазір 1 млрд теңгеге ұлғайды.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына да бөлінген қаражат көлемі ұлғайды. Бұрын 600 млрд теңге болса, енді Президенттің тапсырмасымен бұл сома 400 млрд-қа ұлғайып, 1 трлн теңгеге жетті. Бұл ақша агроөнеркәсіп кешені, өңдеу өнеркәсібіне жолданады. Проценттік мөлшерлемесі 6% аспайды. Ұлттық банктің де өз ұсынысы бар. Бағдарлама көп, бірақ олар қазақстандық бизнеске көмектеспеуі мүмкін.

Рүстем Жүрсінов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі:

- Қазір бізде 25 мың заңды тұлғаның несиелік тарихы мінсіз. Дегенмен олардың барлығының басында бір-бір кредит бар. Ал оларға келіп тағы да «кредит ал» деу әбестік болар еді. Біздің ұсынысымыз бар. Бизнесті қолдауға Ұлттық банк бөліп берген сол 600 млрд теңгені ескі қарыздарын қайта қаржыландыруға бөлсе, әлдеқайда тиімді болар еді.

Мемлекет басшысы 27 сәуірде жасаған мәлімедемесінде жұмысшы санын және еңбекақы көлемін азайтпау мақсатында ірі компанияларға тиісті қолдау көрсетілетінін, бұл тізімге ел экономикасы үшін аса маңызды компаниялар ғана енгізілетінін хабарлады. Бұл тізімге кімдер ілінуі тиіс? Бұл мәселе әзірден қызу талқыланып жатыр. Дегенмен кімдерге көрсетілсе де, ол қазір ешкімге көптік етпейтіні анық.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Әлем енді бұрынғыдай болмайды. Пандемия адами құндылықтарды, саяси стратегияларды, тұтас экономикаларды өзгертіп жатыр. Бизнеске деген бетбұрыстарды да өзгертуге тура келеді. Себебі коронавирустық дағдарыстан айығу үшін бір мемлекеттің көмегі аздық ететін секілді. Ал бұған біздің бизнес қауымдастық дайын ба? Бұл енді өз алдына жеке-дара мәселе.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Гүлнәр Әмренова, Диас Қобыландиев, Қанат Әбілдин