Хабар телеарнасы

Мұнай бағасы: сарапшылар жағдайдың тұрақталуы мүмкін екенін айтады

Мұнай бағасы: сарапшылар жағдайдың тұрақталуы мүмкін екенін айтады

Қаржы сарапшыларының айтуынша, мұндай теріс үрдіс, бірінші кезекте мамыр айындағы фьючерстік келісімшарттың аяқталуымен байланысты. Яғни қоймада шикізатты сақтау тиімсіз болып, трейдерлер келісімшарттардан жаппай арыла бастаған. Ресейлік Urals маркалы мұнай да дәл осындай жағдайға тап болды. Кеше оның да бағасы нөлден төмен түсіп, барреліне минус 2 доллардан саудаланды. Қазір Brent маркалы мұнайдың болашағы бұлыңғыр болып тұр. Десе де сарапшылар жағдайдың тұрақталуы мүмкін екенін айтады. «Бірақ ол үшін коронавирус індеті аяқталып, өнеркәсіптік өндіріс жұмысы қайта жандануы тиіс», – дейді олар.

Виктор Мухомодьяров, сарапшы:

- Шын мәнінде мұнайдың мамырдағы фьючерстеріне бағаның құлдырауы 21 сәуір күні болды. Дегенмен қазір WTI маркалы мұнайдың маусымдық фьючерстеріне бір баррельдің бағасы 20 доллардан асып тұр. Менің ойымша, жылдың екінші жартысында мұнай қоймаларының сыйымдылығына қатысты мәселелер түпкілікті шешілуі тиіс. Себебі қара алтынға деген сұраныс артып, әлемдегі мұнай қоры біршама азаяды. Бұған әлем бойынша өнеркәсіптік өндіріс көлемінің ұлғаюы себепші болады. Жалпы ағымдағы жылдың екінші жартысында коронавирустың шарықтау шегі аяқталады деген болжам бар. Осыған байланысты Brent маркалы мұнайдың 2021 жылғы фьючерстері қазір барреліне 40 доллардан асып тұр.