Хабар телеарнасы

Қазақстан Үкіметі дағдарыстан шығудың әдістерін қарастыруда

Мұны дөп басып ешкім айта алмайды. Бірақ әлем 18 наурызды күтіп отыр. Осы күні ОПЕК-тің техникалық комитетінің отырысы өтпек. «Онда тараптар, яғни Сауд Арабиясы мен Ресей бір мәмілеге келіп қалуы мүмкін» деп болжайды экономистер. Ал кешеден бері Қазақстан Үкіметі бұл дағдарыстан шығудың түрлі жолдарын айтып, әдістерін қарастыруда. Бір анығы: Үкімет үнемге көшеді.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

Қазақстан Үкіметі үнем туралы үнемі айтып келеді. Бірақ күрт әрі күрделі шешім қабылдайтын уақыт енді келгендей. Қаржы министрлігі бюджеттік шығындарды азайтып, Республикалық бюджет туралы заңға өзгеріс енгізетін болды. Оларға бұл үшін тура 1 апта уақыт берілген. Қаржы министрі Әлихан Смайылов бюджеттің шығынын қысқартуды қымбат жиһаз бен көліктен бастайтынын хабарлады.

Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі:

- Бюджет қаражатының есебінен қымбат жиһаздар мен автокөліктер сатып алу, семинарлар мен форумдарды өткізу және басқа да имидждік шаралар бойынша алдын ала жұмыстар жүргізілді.

Негізі мұнай бағасына деген тәуелділік Қазақстан Үкіметін бюджетті қайта қарап, түзету енгізуге мәжбүр ететін. Ол үшін Ұлттық қордан қосымша қаржы да бөлінеді. Бірақ Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкіметтің әзірге Ұлттық қордан қаражат алуды қарастырып отырмағанын мәлімдеді. «Алмаймыз» деп кесіп те айтқан жоқ.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Ұлттық қордан жыл сайын 2,7 трлн теңге кепілдендірілген трансферт бюджетке келіп түседі. Бұл сома мұнай қымбаттаса да, арзандаса да, өзгермейді. Осылайша бюджет бағаның құбылуынан қорғалады.

Халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындау үшін Үкімет инвестициялық жобалардың кейбірін келесі жылға ысыруы мүмкін, яғни биылға жоспарланған кей жобалар тоқтайды.

Қазақстандық қор биржасында 1 доллар – 393 теңге 30 тиын. Өткен 5 күнде АҚШ валютасы 11 теңге 38 тиынға қымбаттаған. Теңгені тұрақтандыру үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 12% дейін көтерді. Кей экономистер Ұлттық банктің теңге бағамын ұстап тұра алатынына да сенеді.

Рахым Ошақбаев, экономист:

- Бұл бірінші кезекте Ұлттық банктің аталған мәселеге жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Яғни банк қауіпті көріп, сезіп отыр. Осылайша осы базалық мөлшерлеменің монетарлық саясатының көмегімен ұлттық валютадағы активтерді анағұрлым тартымды етуге тырысады. Мен Ұлттық банктің теңге бағамын ұстап тұра алатынына сенімдімін. Ол үшін әзірден барлық спектр, түрлі құралдардың палитрасы қолданылып жатыр. Олар базалық мөлшерлеменің жоғарылауынан басталып, валюталық интервенцияға дейін жалғаса береді.

Әлем экономикасы апта ауыр басталғанмен, «Brent» маркалы мұнай бағасы барреліне 37 долларға жақындап, 7% қымбаттады. 18 наурызда ОПЕК техникалық комитетінің отырысы өтеді.