Хабар телеарнасы

Үкімет пен Ұлттық банк арнайы бірлескен үндеу қабылдады

Елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ел Үкіметі мен Ұлттық банк арнайы бірлескен үндеу қабылдады. Нақтырақ айтар болсақ, мемлекеттік саясаттың басымдықтарына мән беру керек. Мысалы, макроэкономикалық тұрақтылық және салық-бюджет саясатының тиімділігі, инфляциялық процестерді басқару және елдегі әлеуметтік жағдай қалпын сақтау.

Сыртқы нарықтардағы қалыптасқан ахуалға және оның Қазақстан экономикасына тигізетін әсеріне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қажетті шешімдерді жедел қабылдау және оларды жүзеге асыру үшін Премьер-Министрдің басшылығымен штаб құрылды. Бюджет саясатының шаралары әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындауға бағытталмақ. Бюджет шығындары қысқартылмақ. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар бағаның негізсіз өсуін, әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтерге бағаның көтерілуін болдырмауға ерекше назар аударады. Қызметкерлердің санын қысқартуға жол бермеуді және еңбекақыны уақытылы төлеуді қоса алғанда, азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуы қатаң бақыланады.