Хабар телеарнасы

«Мың бала» олимпиадасының екінші кезеңі басталды

«Мың бала» олимпиадасының екінші кезеңі басталды. Бұл байқауда тек ауыл мектебінде білім алып жатқан 6 сынып оқушылары бақтарын сынай алады. Бүгін Ақмола мен Қызылорда облыстарында тестілеу болып жатыр. Басқа өңірлердегі екінші кезең ертеңнен басталады. Биыл 91 мыңнан астам оқушы онлайн тестілеуден өткен. Қатарластарынан озған 5 мыңы екінші турына жолдама алыпты. Ең көп балл жинаған мың оқушының мамандандырылған мектептерде тегін, озық білім алуына мүмкіндігі болады. Бірінші және оныншы маусым аралығында жеңімпаздар өңір мен мектепті таңдап, өтініш жазу басталмақ. Бұл олимпиада 4 жыл қатарынан ұйымдастырылуда. 

Айжан Әшімбаева, олимпиада координаторы: 
- Көшіру деген мәселелер бар болса, бізде система оны анықтайды. Қазірде сайтқа кіріп, 2,5 сағаттай тесттен өтіп жатыр. Квота бойынша түсуге мүмкіндік бар. Өзінің қалауымен таңдаған мектепке өтініш беруге болады. Қандай мектептер десеңіз, Білім инновация лицейі, Дарын мамандандырылған мектептер, Жәутіков атындағы Республикалық физика-математикалық мектебі, IT лицейі және көп мамандандырылған гимназия-мектептері бар.