Хабар телеарнасы

Алматыда барлық мемлекеттік мектептер шаруашылық жүргізу кәсіпорындарына кезең-кезеңімен көшіріледі

Бұл жөнінде мамандар Тамыз форумының пленарлық отырысында мәлімдеді. Сондай-ақ басқосуда алдағы оқу жылында қала мектептеріндегі білім сапасын арттыру жолдары талқыланды. 

Шаруашылық жүргізу кәсіпорындары формасына әуелі 6 мектеп өтеді. Жұмыс бір жүйеге келген соң тағы 70-і ауысады. «Бұл мектептерге қаржылық жағынан еркіндік береді», — дейді мамандар. Нәтижесінде мектептегі білім сапасының артуына септігі тиеді.

Шавкат Умаров, №153 мектеп-гимназияның директоры:
-Бүгінгі күнде мектеп директорлары финансты өзі жұмсап, өзі қадағалауға мүмкіншілік бар. Біз екінші уровеньді банктерде счет ашып мұғалімдерге премия берген кезде, болмаса анау білім саласын көтеру үшін қосымша кружоктар, факультативтар қосымша сабақтарды беруге мүмкіншілік бар. Ақылы түрде беруге мүмкіншілік бар.

Форумда мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесі жан-жақты талқыланды. Биыл алматылық 50 педагог Финляндия мен Эстонияның үздік мектептерінде іс-тәжірибеден өтеді. Сондай-ақ жас ұстаздардың баспана алу мәселесі де сөз болды.

Сұлтанбек Дулат, жас маман:
-Бұл форумда қала әкімі Ерболат Досаев көңіл қуантатын жағымды жаңалықпен бөліскен болатын. Яғни, ұстаздар мен дәрігерлерге қосымша 50 орыннан тағайындап берілетін болды. Мұнда жасалынып жатқан мүмкіндік біз секілді жас мамандарға ел үшін ерен еңбек етуге қызмет жасауға, адал жұмыс жасауға мол мүмкіншілік береді.

Форум қорытындысы бойынша Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов 15 педагогті ведомстволық наградалармен марапаттады. Ал Алматы әкімі Ерболат Досаев «Білім-инновация» мектебінің директорына «Үздік ұйым» байқауының жеңімпазы ретінде 48 млн теңгенің сертификатын табыс етті. Сондай-ақ, қаланың үздік 5 мұғалімі 500 мың теңгеден ақшалай сыйақы алды.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов