Хабар телеарнасы

Абай облысындағы кейбір мектептер оқу жылына дайын емес

Алайда Абай облысындағы кейбір білім ордалары жаңа оқу жылына дайын емес. Ақсуат ауданының Екпін ауылындағы мектептің қабырғалары жарылып, көгеріп кеткен. Спорт залдың төбесінен су сорғалағандықтан, комиссия шешімімен жауып тастапты.

Жергілікті шенділер 300-ден астам бала білім алатын мектептің мәселесін беске білгенімен дәрменсіз. Ал ата-аналар айта-айта шаршаған секілді. 

Майра Солтанбаева, ата-ана:

- Жөндеу жұмыстарын толық жүргізу керек. Балаларымыз мұнда оқи алмайды. Баланың денсаулығына өте зиян. Кабинеттердің бәрінен су ағады. Кейбір бұрыштары құлағалы тұр.

Мектеп басшылығының айтуынша, 161 терезе мен 107 есікті ауыстыру қажет. Білім ордасындағы парталар мен шкафтар да ескірген. Ағымдағы жөндеуге бөлінетін қаржы төменгі қабаттағы бөлмелерді әктеп, сырлауға ғана жететін көрінеді.

Берікхан Құрманғожин, мектеп директорының міндетін атқарушы:

- Бастауыш сыныптар, тағы да басқа пән кәбинеттері су кіргендіктен көгеріп, оқуға жарамсыз болып тұр. Былтырғы оқу жылында ол кабинеттерді жауып, балаларды басқа кабинеттерде оқытқанбыз. Биылғы оқу жылында да солай істейміз деп отырмыз.

Өйтпеске амалдары да жоқ. Ал аудандық білім бөліміндегілер мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттың дайындалып жатқанын айтты.

Самал Дәуітбаева, Ақсуат аудандық оқу-ағарту бөлімінің бастығы: 

- Құжаттың нақты сомасы мемлекеттік сараптамадан соң белгілі болады. Құжат нақты аяқталғаннан кейін бюджетке өтінім беріледі. Қаражат бөлінген жағдайда 2023 жылы мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жасалады.

Салынғанына 30 жылдан асқан мектептің оқушылары қазір екі ауысыммен оқып жатыр. Білім ордасына жеделдетіп жөндеу жасалмаса, бұл күндеріне де зар болып қалуы мүмкін.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов