Хабар телеарнасы

Бірегей мектеп формасының енгізілуі қостанайлық тігін фабрикаларын шығынға батыруы мүмкін

Осы мәселені көтеріп, өңірдегі тігін өндіріс орындарының өкілдері кәсіпкерлер палатасына барды.

Қазір тігін фабрикалары қоймаларында мыңдаған мектеп формасы үйіліп жатыр. Білім басшыларының осы қыркүйек айынан көк түсті бірегей киім үлгісін енгіземіз деген ұсынысынан кейін тігіншілердің төбесіне жай түскендей болды. Енді ше, есіл еңбектері еш болғалы тұр. Дайын мектеп формалары мен әр білім ордасының тапсырысына сай алынған маталарды қайда жібермек? 

Светлана Шипилкина, тігін фабрикасының басшысы:

- Бүгінгі таңда бір метр матаның нарықтық бағасы 4500 теңге. Сонда бір орамның құны 4,5 миллион теңге. Торкөзді маталарды енді қайда жібереміз? Бұл – бір ғана мектептің тапсырысы. Ал бізде қаншама білім беру мекемесі бар. Қазіргі кезде мыңнан астам киім үлгісі тігіліп, дайын тұр.

Лариса Люманова, тігін цехының басшысы:

- Директорлар ешқандай шешім қабылдамайды. Өз орындары үшін қорқады. Осыған дейін оқушыларға торкөзді қызыл түсті киім кигізіп едік. Енді ол жарамай қалды. Мектеп формасының қандай болатыны әлі күнге беймәлім.

Қостанайлық тігін өндіріс орындарының өкілдері бұл нарықтан тіптен шеттеп қалмас үшін: «Көк түсті мектеп формасына ауысуды кезең-кезеңмен енгізсе», – дейді. Бұл оларға дайын өнімді өткізуге мүмкіндік берер еді. 

Елена Стрелец, тігін цехының басшысы:

- Бірегей түсті енгізу ұсыныс ретінде қалдырылса жақсы. Оған екі жыл уақыт берілсе, бәріміз дайындалып үлгерер едік. Ең дұрысы, осы деп ойлаймын.

Ал білім беру саласының өкілдері мектеп формасының түсін өзгертуді талап етпейтіндіктерін айтады. Әзірге бұл ұсыныс, нақты шешім ата-аналардың еншісіне қалдырылып отыр.

Абылай Омаров, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Барлығы ата-аналар комитетінің шешіміне байланысты. Бұл бір жыл немесе екі жылға созылуы мүмкін. Жаңа мектеп формасына қашан ауысатыны жөнінде белгіленген мерзім, ешқандай шектеу жоқ. Ол бірте-бірте енгізіледі.

Ата-аналар мен мектеп әкімшілігі қандай да бір мәмілеге келгенше, фабрикаларға дайын өнімдерді қоймаға жинақтай беруге тура келеді. Егер мектеп формасын өзгерту талабы қойылса, жаңа оқу жылына дейін оны тігіп үлгіре алмасы анық.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг