Хабар телеарнасы

Атырауда 36 мектепке күрделі жөндеу керек

Білім ошақтары соңғы 20 жыл көлемінде жөндеуден өтпеген. Қалалық білім бөліміне де ата-аналардан түсетін арыз-шағым көбейіпті.

Қаладағы №13 Дүйсенғали Байбосынов атындағы орта мектептің салынғанына 50 жылдан асты. Соңғы рет 2004 жылы күрделі жөндеуден өткен. Қазір білім ошағының кәріз, жылу жүйелері сын көтермейді. Қабырғалары да қақырап тұр. Жыл сайын бетін сылап-сипағанымен, уақыт өте тозып барады. Жарық мәселесі де титықтатып біткен.

Гүлбағыш Бақтығалиева, Д. Байбосынов атындағы №13 орта мектеп директорының орынбасары:

- Қазір көп компьютер қосылатындықтан, кейде электр жарығы көтермей қалады. Сөніп қалған жағдайларда өзіміз электрикпен жөндеп аламыз. Қыста көбіне жылу аз болады. Спортзал жақтарымыз жылынбай қалады. Батареялардың ауыстырылмағанына 18 жыл болды ғой, бірақ жылда өзіміз тазартып отырамыз.

Қатты дауыл кезінде білім ошағының шатыры да ұшып кеткен. Қазір мектеп басшылығы өз күшімен жөндеп жатыр. «Шіріген құбырлар да қиындық тудырады», - дейді мұғалімдер.

Бір мектепті күрделі жөндеу үшін жасалатын жобалық-сметалық құжаттама мен оны мемлекеттік сараптамадан өткізу құны шамамен 5 млн теңге болады. Ал күрделі жөндеудің өзі 300-400 млн теңгеге жуықтайды. Қазір мұнайлы шаһардағы 36 білім беру ұйымының ғимараты бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген. Оның 26-сы – мектеп, ал қалғаны – балабақша. Алты нысанды жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын болғанымен, қаржы әлі бөлінбеген.

Қайрат Қуанышев, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:

- Білім беру ұйымдарына қатысты ата-аналар мен оқушылар тарапынан арыз-шағымдар көп түседі. Мысалы, қыс мезгілінде №13 Әлия Молдағұлова атындағы мектептің терезелеріне жел өтеді. Ал жаңбыр күндері №30 мектептің төбесінен су ағады. Ғимарат тиісті деңгейде жылытылмайды.

Биыл облыс бойынша бес білім беру ұйымының ғимаратын жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1 мрлд теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин