Хабар телеарнасы

Төлеби ауданында жаңа мектеп бой көтерді

Ақбастау ауылындағы шағын мектеп әбден ескірген болатын. Оның үстіне ауыл кеңейіп, бала саны да артқаны белгілі. Сондықтан жергілкті тұрғындар білім ошағы соңғы он жылда тарлық ете бастағанын айтады.

Екіқабатты 200 орындық білім ұясының құрылысы жақында аяқталды. Заман талабына сай салынған ғимараттың ішінде балаларға қажет асхана, концерт, спорт залы, кітапхана, физика, математика және химия кабинеттері қарастырылған. Сынып бөлмелерінің барлығы соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. «Бұны балаларымыз бен немерелеріміз де асыға күтіп жүр», - дейді ауыл тұрғындары.

Төре Орынбасарұлы, Ақбастау ауылының тұрғыны:

- Бұрын бізде 1965 жылы салынған 150 орындық мектеп болған. Қазір 370 оқушы білім алады. Бұл бізге таршылық жасайтын. Ескінің аты ескі ғой. Сондықтан енді оны қазіргі заманауи мектеппен салыстыруға келмейді. Жаңа мектебімізде керек-жарақтың бәрі бар.

Жаңа оқу ғимаратының құрылысы 2020 жылы басталған. Жоба құны – 900 млн теңге. Мамандар биылғы оқу жылының ІІІ тоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Енді ауыл балалары да жаңа мектепте білім алып, заманауи оқу құралдарын пайдаланады. Білім бөлімі мамандарының айтуынша, ауданда үшауысымды және апатты жағдайдағы білім ошақтары жоқ. Есесіне саманнан салынған мектеп бар.

Пернебек Асанов, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері:

- Оның біреуі – Тағайна мектебі, Қаратөбе негізгі мектебі. Тағайнадағы 200 орындық жаңа мектептің құрылысы биыл басталады. Қаратөбе мектебі алдағы уақытта жоспарға қойылды. Жалпы ауданда сегіз мектеп қажет. Оның екеуінің құрылысы былтыр басталды. Биыл үш мектеп берілуі керек.

Жыл сайын облыста оннан аса жаңа білім ошағы пайдалануға беріледі. Алайда бала санының көптігіне байланысты кейбір мектептердің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай келмейтінін білім басқармасының басшылары да айтып отыр.

Ардақ Садықова, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

- Соңғы он жылда салынған барлық жерге мектептерге талдау жасадық. Он жылдың ішінде мектептерге үлкен көлемде пән кабинеттері салынбаған. Пән кабинеттері жаңартылып тұрады, өзінің мерзімі бар. Химия, физика, биология кабинеттерін жаңғыртсақ деген жоспар бар. Сапасы төмен мектептеріміз шалғай аудан, ауылдарда. Сондықтан қазір біз әкімдіктермен де жұмыс істеп жатырмыз.

Жалпы қазір Түркістан облысында төрт апатты, үш үшауысымды мектеп бар. Сонымен қатар бүгінгі таңда 38 орта білім беру мекемесінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 26-сы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш