Хабар телеарнасы

Сарыөзек ауылында өнер мектебі ашылды

Бұл өңірде бұрын соңды мұндай мектеп болмаған. Жаңа білім ошағында 250 мектеп оқушысы түрлі үйірмеге қатысып, өнер жолына қанат қағып, сол арқылы ұлттық құндылықтарға жақындай түспек.

Әбікен Сарыбаев, Нұржұман Ықтымбаев, Тоқсын Құлыбаев, Нұрғали Нүсіпжанов және Гүлжамал Қазақбаева сияқты өнер тарландары шыққан Кербұлақ ауданы таланттарға кенде емес. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, бұл қасиетті де киелі өлкенің әлі талай саңлақтарды тудырары хақ. Бірақ ауданда осы уақытқа дейін өнерлі жастардың талабын ұштайтын арнайы білім ошағы болмаған. Міне, осы олқылықтың орны толып, Сарыөзекте 80 орындық өнер мектебі ашылды. Ол күніне 250 оқушыны өнер жолына баулуға мүмкіндік береді.

Әсем Оразбек, оқушы:

- Сарыөзек ауылында осындай өнер мектебі ашылып жатқанына біз өте қуаныштымыз. Шабытымызды одан әрмен дамытуға әрі уақытымызды тиімді өткізуге көп көмегін тигізеді.

Еңлік Алмасқызы, оқушы:

- Көп бала өнер мектебі ашылғанына өте қуанышты. Біз әртүрлі өнерге қатысып, қуанып жүрміз. Қазір қазақ биін үйреніп жүрміз.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша салынған Сарыөзектегі өнер мектебі көркемдік сыныптармен, фортепиано, қобыз, домбыра, баян және би студиясы секілді арнайы кабинеттермен жабдықталған. Мұнда 100 орындақ мәжіліс залы да бар.

Жаңыл Сүлейменова, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- 300 миллионнан астам қаражат салынып отыр. Бәрі жаңадан жабдықталған. Қазіргі балалар өте бақытты деп ойлаймын.

Алматы облысында 430 мыңнан астам оқушы болса, қазір соның 315 мыңы қосымша білім берумен қамтылған. Сарыөзектегі өнер мектебі – өңірдегі 40-шы нысан. Алдағы жылы Райымбек ауданында осындай тағы бір мектеп ашылады. Облыстық білім басқармасы 2022 жылы өнер мектептеріне 4 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Сол қаржының тең жартысы мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі негізінде игеріледі.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов