Хабар телеарнасы

Биыл Түркістан облысында 15 жаңа мектеп пайдалануға беріледі

Сонымен қатар ескі мектептің жанынан 150 орынға лайықталған қосымша мектептің ғимараты салынды. Әрі күрделі жөндеуден өткен білім ошақтары да бар. Енді ауыл балалары жаңа оқу жылында жаңа мектепте оқиды.

Сеславино ауылындағы екі қабатты ескі мектеп өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Кейін елді мекен үлкейіп, бала саны көбейген соң тұрғындар жаңа мектептің қажеттілігін айтып, аудан басшылығына ұсыныспен шыққан. Нәтижесінде ескі мектеп күрделі жөндеуден өтіп, жанынан 150 орындық қосымша ғимарат салынды. Осы ауылдың байырғы тұрғыны Орынтай Тінәлиев білім ордасының жаңарып, кеңейгеніне дән риза. Бұрын өзі осы мектепте білім алса, енді немерелері оқиды.

Орынтай Тінәлиев, Сеславино ауылының тұрғыны:

- Бұрын балаларым оқыған, қазір немерелерім оқып жатыр. 1966 жылдары өзім осы мектепте оқып, осы елді мекенде туып өскенмін. Қазір мектеп салынып, балалар саны көбейіп, жақсы болды. Салған кісілерге, осыны салдырған азаматтарға алғыс айтамын.

Жаңадан салынған қосымша ғимарат 150 орынға арналған. Мектеп басшылығының айтуынша, барлық кабинеттер заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда оқушылар робототехника, IT, хореография-ритмика кабинеттерінде білім алады. Бір ерекшелігі – спорт зал мен асхана және шеберхананың ғимараты білім ошағынан бөлек салынған.

Ержан Қадырбек, аудандық Білім бөлімінің басшысы:

- Халық саны мен оқушылар санының артуына байланысты қосымша ғимарат салу қажеттілігі туындады. 15 оқу кабинеті бар. Информатика, лингкафон, физика, биология кабинеттері зертханалық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Сонымен қатар спорт зал және қазір ең өзекті мәселе ішкі әжетханамен қамтамасыз етілген. 1 қыркүйек күні толық пайдалануға беріледі. 

Жаңа оқу жылында Түлкібас ауданында жаңадан 2 мектеп ашылады. Бұдан бөлек тағы 4 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Білім бөлімі мамандарының айтуынша, жаңа мектептер пайдалануға берілген кезде ауданда апатты мектептер мәселесі толығымен шешіледі. Жалпы Түркістан облысында 57 мектеп салынып жатыр. Ал 1 қыркүйек күні соның 15 пайдалануға беріледі. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш