Хабар телеарнасы

1 қыркүйектен бастап мектептерде Ashyq жүйесі енгізіледі

Ал оқушылар термометрияны, бетперде режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтауға міндетті. Балаларды асханада кесте бойынша тамақтандыру көзделіп отыр. Сыныптарда дезинфекциялау жүргізіледі. Жаңа оқу жылында ата-аналарға білім беру мекемесіне кіруге мүлде тыйым салынады. Иә, жаңа оқу жылының басталуына жиырма күндей қалды. Қазір еліміздегі барлық мектептерде оқу маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматы облысының Ескелді ауданындағы Темірғали Рүстембеков атындағы білім ордасы да балаларды қабылдауға дайын. Күрделі жөндеуден өткен мектепте оқушыларға кітаптар таратылып жатыр.

Нұрдәулет Мақажан жаңарған мектепке бүгін бірінші рет келді. Бір жыл бойы онлайн форматында оқыған ол сыныптастарымен бірге шақыртылған. Оларға тоғызыншы сыныптың оқулықтары үлестірілді.    

Нұрдәулет Мақажан, Т. Рүстембеков атындағы орта мектептің оқушысы:

- Мектепті сағындық. Жасалғалы бері күтіп жүрдік. Онлайн оқыған мектепте оқығанға жетпейді. Сондықтан осы 17 кітапты алып дайындалып жүрмін.

Ұлтуған Рысмендиева, Т. Рүстембеков атындағы орта мектептің кітапханашысы:

- Оқулықтарды 28 шілдеден беруді бастадық. Кестемізді 5 күнге создық. Осы күнге дейін 90% бердік. Енді бірінші күні бітіреміз.

Жаңа оқу жылында Темірғали Рүстембеков атындағы орта мектепке 264 бала барады. Биылдан бастап олар күрделі жөндеуден өтіп, материалдық техникалық базасы жаңартылған білім ордасында оқиды.     

Нұрсұлтан Мұхасанов, Т. Рүстембеков атындағы орта мектеп директоры:

- Ғаламтор жүйесі бұрын бізде бірақ жерде болған. Ол өте нашар болған. Биылғы оқу жылында әр кабинетте оптоталшықты ғаламтордың жоғары жылдамдықтағысы қосылды. Ұстаздардың әр кабинетінде ғаламтор желісі қосылып отыр.

Ауылдық мектепте ұстаздық ететін 42 мұғалімнің отызы вакцина салдырған. Ал аудандағы білім саласында 2 мыңға жуық адам еңбек етеді. Олардың 91% вирусқа қарсы препарат алған.

Ботагөз Әлімғазина, Ескелді аудандық білім бөлімінің әдіскері:

- Вакцина алмаған мұғалімдер онлайн оқытатын болады немесе вакцина алғаннан кейін жұмысына кірісетін болады. Бірақ үйлерінде ауырған адам болса, өздері вакцина алмайтын болса, біз басқа адамды аламыз. Олар жұмыс орнын сақтап қалады.

Сала жауаптылары білім ордалары оқу маусымына 95% дайын деп отыр. Жалпы Ескелді ауданында 30 мектеп бар. Жаңа оқу жылына дейін олардың барлығын Ashyq жүйесіне қосу жоспарланған. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев