Хабар телеарнасы

Жетісу жерінде 2017 жылы табылған Арқарлы петроглифтерін құжаттандыру жұмыстары басталды

Үш мың жылдық тарихы бар ескерткіштерді паспорттау шарасы қыркүйек айына дейін жалғасады. Арқарлы петроглифтеріне жойылып кету қаупі төніп тұрғандығы жайлы мәселе әлі күнге дейін қоғамда қызу талқыланып келеді. Өйткені тау бөктерінде тақтатас пен қиыршық тас өндірумен айналысатын бірнеше кәсіпорын орналасқан. Қоғам белсенділері мен жергілікті билік өкілдері араласқан соң, археологиялық кешен анықталған аумақта 5 жыл бұрын тас өндіру жұмыстары тоқтатылды. 

 Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Арқарлы петроглифтері ұзындығы – 20, ені – 6 шақырым аумақты алып жатыр. Мұндағы 10 нүктеде жалпы саны 1500-2000-ға жуық петроглиф табылған. «Қазіргі таңда бұл ескерткіштерге жойылып кету қаупі төніп тұрған жоқ», – дейді Кербұлақ аудандық әкімдігіндегілер.

Арқарлы петрогифтерін анықтап, барлау және оны құжаттандыру жұмыстарымен Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары айналысуда. Интитут ұжымы мен Алматы облыстық әкімдігі сәуір айында сондай келісімге келді.  

Мәрлен Көлбаев, Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

- Әлеуметтік желіде осы Арқарлы петрогифтерін көрмеген, аяқ баспаған адамдар: «Ойбай, қиратып жатыр, бұзып жатыр, тасқа айналдырып жатыр», – деп әлеуметтік желіде жазып жатыр ғой. Мамыр айынан бастап біз анықтау, барлау жұмыстарын бастадық. Бүгінгі күнге осы Арқарлы петроглифтерінің 60% жұмысы анықталып, барланып жатыр.

Александр Горячев, Ә. Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері:

- Мәдениет басқармасы жергілікті мәслихаттың алдында бұл жобаны сәтті қорғап шықты. Енді қаржысы бөлінсе, кең ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізіп, археологиялық кешен туралы ғылыми қорытынды жасалады. Ол тарихи мұралардың тиісті деңгейде қорғалуына жол ашады.

Мамандар 2017 жылдан бері бұл жерде бірде бір петроглифтің бұзылмағанын айтып отыр. Қыркүйек айында құжаттандыру жұмыстары аяқталған соң археологиялық кешен аумағы қоршалып, толығымен мемлекет қорғауына өтеді. Әзірге Арқарлы петроглифтерінің 10 жерде шоғырланғаны анықталды. Бір шоқыдан шамамен 300-350 суреттен табылып жатқан жайы бар. Әрбір петроглифтің паспорты мен картасы жасалғаннан кейін бұл жерді ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру жұмыстары қолға алынады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов