Хабар телеарнасы

2021 жыл елімізде «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланды

Оның үстіне биыл Қазақстанда «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланды. Министрліктің жоспары көп. Биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша 40 балалар кітабын басып шығаруға бюджеттен 226 млн теңге бөлініп отыр. Бұл аз ба әлде көп пе? Жалпы балаларға кім не жазып жүр?

Кітап оқитын балалар кітап оқитын қоғамды құрады. Сондықтан қазақ әдебиетінен балалар әдебиетін бөліп алып қарастыра алмаймыз. Біздің балалар әдебиетінің де үлкен проблемасы жетерлік. Кішкентайлар кітап оқымайды деумен басталып, жазушылар жоқпен жалғасып, мемлекеттік қолдаудың аздығымен аяқталады. Шынымен солай ма?

Нұрдәулет Ақыш, ҚР Жазушылар одағының мүшесі:

Таныс шығармаларымен көзге түскен қаламгерлер саны Қазақстан Жазушылар одағында 70-тен астам екен. Қазақстан Жазушылар одағына өтпей, сол тақырыпты қозғап, қаузап жүрген, жап-жақсы шығармаларымен көзге түсіп жүрген тағы бірсыпыра жазушы бар. Оның өзі, менің есептеуімше, бір 30-40 мыңдай болады.

Балалар әдебиетінің бүгінін бүтіндеп жүрген жазушы Нұрдәулет Ақыштың айтуынша, бізде балаларға арнап жазып жүрген жазушы жетерлік. Тек соларды қолдай білу керек. Солардың бірі – Серікбол Хасан. Бірнеше кітапқа арқау болатындай шығармасы бар. Бірақ әлі күнге дейін бір де бір кітабы жарық көрмепті.

Серікбол Хасан, балалар жазушысы:

Оның себебі де белгілі. Прозалық, поэзиялық кітаппен салыстырғанда, балалар әдебиеті қымбатқа түседі. Себебі оның ішінде иллюстрациясы болады. Ал иллюстратордың гонорары өте қымбат. Бір суретті кем дегенде 20 мың теңгеге салады. Ал бір кітапта кем дегенде 20 сурет болуы керек.

Кітап аз, кітапхана да аз. Қазір ел бойынша Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты 3 940 кітапхана болса, оның ішінде 276-ы ғана балалар мен жасөспірімдерге арналған кітапханалар-филиалдар. Балалар мен жасөспірімдерге арналған статусы бар кітапханалар саны небәрі 11-ақ. «Бұл өте аз», - дейді Ұлттық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева.

Үмітхан Мұңалбаева, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры:

- Бүкіл өңірдегі кітапханалардың анда-санда біреуін көргенде жүрегің ауырады, қабырғаң қайысады. Өйткені олар – сонау кеңес уақытынан қалған кітапханалар.

Осы кітап ордасының бастауымен биыл Қазақстанда «Балалар әдебиетінің жылы» деп аталды. Министрлік бұл ұсынысты құба-құп көрді. Бес бағыттан тұратын кешенді іс-шаралар жоспарын түзіпті. Ол жақын арада Үкіметтің қаулысымен бекітілмек.

Соңғы үш жылда отандық баспалардан балаларға арнап 364 кітап шыққан. Бұл аз емес, бірақ тиражы 1-1,5 мыңнан аспайды. Балалар кітабын басып шығаруға 2018 жылы – 89 млн, 2019 жылы – 19 млн, ал өткен жылы 46 млн теңге бөлінсе, биыл бұл қаржы еселеп өсіп 226 млн теңгеге жетіп отыр.

Гүлзейнеп Пазылова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы:

150-ден астам кітапты басып шығару жоспарланып жатса, соның қазір тек 40 кітабы осы балалар әдебиетіне арналады. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда едәуір көп. Сондықтан көш жүре түзеледі. Жұмыс жүргізілуде.

Сонымен, балалар әдебиеті жылы аясында атқарылатын іс аз емес. Оның үстіне Президенттің өз тапсырмасы бұл. Балалар әдебиетіне деген бетбұрыс қуантпай қоймайды. Ендігі мәселе – не жазамыз? Себебі Серікбол Хасанның ойынша, біздің балалар бүгінгі әдебиеттен өздерін таба алмай жүр.

Серікбол Хасан, балалар жазушысы:

- «Балалар кітап оқымайды, өлең жаттамайды» деген сөз өтірік. Біз балаларға жеткізе алмай жатырмыз. Мысалы, қайырымдылық істі көбіміз істей бермейміз. Қазір мектеп оқушылары қайырымдылыққа, туризмге қатты қызығады. Осы тақырыптарды арқау етуіміз керек. Үлкен аға-әпкелеріміз өз дәуірін жазады. Ол да бір керек шығар. Бірақ қазіргі бала өзінің досын, қоғамын, қоғам игілігін, технологияны көргісі келеді.

Кітапқа қызықпайтын бала жоқ. Бүгін біз тілдескендердің бәрі бір ауыздан осылай дейді. Тек кішкентай оқырмандардың да жағдайын жасау қажет. Биылғы жыл бұл ретте балалар үшін базарлық жылы болғалы тұр.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Ұлан Нарынбек, Тоқтар Терлікбаев, Серік Қоңырбаев