Хабар телеарнасы

Тараздық 300 студент оқудан шығарылды

Оған мысал, Таразда 300-ден астам студент өңірлік университетке заңсыз жолмен оқуға түсіп, білімін жалғастырмақ болған. Әрине, осы студенттер оқудан шығарылды. Өйткені олар ҰБТ мен кешенді тестілеуден шекті балды жинамаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері ЖОО-дағы жылдар бойы қалыптасқан былықтың бетін алғаш рет ашқан.

Оқудан шығарылған 300-ден астам магистрант пен студент – ҰБТ мен кешенді тестілеуден өте алмай, сынақтан сүрінгендер. Олар кезінде ақылы негізде оқу үшін қажет балл жинай алмағандықтан, отандық университеттерге түсе алмаған. Алайда олар білім алу ережесін түрлі айла-амалдармен айналып өтудің жолын тауып, университетке жалған құжаттарды ұсынған.

Ержан Әмірбекұлы, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы

- Олар кешенді тестілеуге де, ҰБТ-ға да қатыспай, шетелдік ЖОО-ларға түсіп, белгілі бір академиялық кезеңнен кейін қазақстандық ЖОО-ға ауысып келулеріне мүмкіндіктері бар. Өкінішке қарай шетелдік ЖОО-лардан фактілері дәлелденбеген құжаттар арқылы ауысып келу жағдайлары орын алып жатыр.

Шын мәнісінде олар шетелдік ЖОО-ларда оқымақ түгілі, ол жақта тіркелмеген де болып шықты. Мониторинг көрсеткендей, М.Х Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне жыл сайын 1-семестрден кейін шетелдік оқу орындарынан ауысуға өтініш тастайтындар көбейді. Биыл алғашқы академиялық кезеңнен кейін 400-ден астам адам өтініш білдірген. Оның 75% құжаты жалған екені анықталды. Сұраныстың дені Ресей мен Қырғыз елінде оқып жатқандардан түскен көрінеді.

Равиль Төлебаев, ҚР СЖҚҚА ЖОБ департамент басшысының бірінші орынбасары:

- Бұл – біздің елде белгілі бір адамдардың жасап отырған іс-әрекеттері. Соңына дейін жеткізетін боламыз. Суденттермен әңгімелесіп, кім арқылы шыққанын анықтап, тағы да басқа тексеру амалдарын жүргізетін боламыз.

Әшкере болған деректер бойынша студенттер жауапкершілікке тартылмайды. Олар алаяқтардың құрбаны болып есептеліп отыр. Мамандар: «Бұл оқудан шығарылғандар еліміздің жекеменшік оқу орындарына түсуге талпынуы мүмкін», – деп алаңдап отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә