Хабар телеарнасы

Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл: ақын жайлы тың дерек табылды

«Оның тағдырына қатысты кейбір деректер тарихта бұрмаланған», – дейді ақынның туған ауылында тұратын Дәулетқазы Мұқадиұлы. Өлкетанушының қолында бұл сөздерін дәлелдейтін құнды жәдігерлер бар екен.

Қызыл Көшен тауларының етегіндегі мына алқапта Қасым Аманжоловтың әкесі Рақымжанның қыстауы болған. Дәл осы жерде дауылпаз ақын дүние есігін ашыпты. Сол кезде кіндік шешесі Шәрия Садыққызына қазақы салтқа сай таза күмістен жасалған екі білезік пен екі күміс сақина сыйлаған. «Бүгінге жеткен бұл жәдігерлер Рақымжан әулетінің ауқатты тұрғанын тағы да айғақтай түседі», – дейді өлкетанушы Дәулетқазы Мұқадиұлы.

Дәулетқазы Мұқадиұлы, өлкетанушы:

- Рақымжан өзі бай, өзі сері жан болған екен. Ат жүгірткен. Байлығының белгісі Тайжүзген деген сабаға қымыз ашытады екен. Төрт бұрышынан төрт жігіт піседі екен. Тайжүзгендегі саба шамамен 500 литрдей болады ғой. Оны түгел ауыл-аймақ ішпей ме?! Сонда күніне төрт жігіт піскенде, әрқайсысына жібек көйлек пен бір-бір тақта шай береді екен. 

Шәрия Садыққызы – Дәулетқазы Мұқадиұлының нағашы әжесі. Әшекей бұйымдар оған анасынан қалыпты. Қасымның өмір дерегін ұзақ жылдан бері зерттеп келе жатқан өлкетанушы: «Ақынның тағдырына қатысты бұрмаланып жазылған тарихты түзететін уақыт жетті», – дейді.

Дәулетқазы Мұқадиұлы, өлкетанушы:

- Текті атаның баласын әманда текті деуіміз керек. Келешекте Қасымның арғы тегін зерттеп жазу қажет. Кешегі кедей, қайыршының баласы дегенді қойған жөн. Қасымның тегін жасырғанымыз әруаққа шет болады. 

Енді бұл іспен жуырда ғана Қарағандыда құрылған Қасымтану орталығы айналысады. Ғалымдар мен өлкетанушылар, қаламгерлердің басын біріктіретін ұйым ақынның өмірі мен шығармашылығын жаңа қырынан зерттемекші.

Жансая Жарылғапов, Қасымтану орталығының жетекшісі:

- Бізде ресми өмірбаяны бар. Сонау дүниеге келген 1911 жылдан бастап, оның қиын балалық шағы, өсіп-өркендеу кезі, Семей, Орал, Ленинград қалаларындағы өткен өмірі сияқты бізге белгілі мәліметтер бар. Енді ел аузында осы Қасым Аманжоловтың өскен ортасы, оның айналасы туралы біраз дерек жүр. Осының барлығы зерттеліп, оларға ғылыми тұрғыда баға беріледі.    

Дәлірек айтсақ, биыл ақынның өмірі мен шығармашылығының библиографиялық көрсеткіші жазылмақ. Сондай-ақ Қасым Аманжоловтың академиялық сөздігі мен тұлғалық энциклапедиясы жарық көрмек.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Тағы бір ақжолтай жаңалық, кейін осы барлық ғылыми жұмыстың негізінде университеттің оқыту бағдарламасына «Қасымтану» курсы енгізілмекші. Осылайша, студенттер ақынның бай мұрасымен сусындайды. «Бұл Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойына үлкен тарту болады», – дейді ғалымдар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев