Хабар телеарнасы

Жас ғалым бұрын-соңды болмаған косметикалық өнімдер желісін іске қосты

Бұл бағыттағы шағын өндіріс өңірде бұрын-соңды болмаған. Бұл – жас ғалым қызмет ететін жоғары оқу орнындағы табысты стартаптардың бірі. Отандық табиғи косметиканың алғашқы легі ішкі нарыққа шығарылды.

Брендтің негізін қалаушы – PhD доктор, С. Торайғыров университетінің биологы Римма Уәлиева. Косметикалық құралдарды шығару идеясы пандемияның өршіген шағында келіпті. Сол сәтте ғалым дене және бет күтіміне қажет өнім өндірісін қолға алған.

Ақмарал Есімханова, тілші:

 - Әр косметикалық құрал авторлық рецепт бойынша әзірленеді. Қазіргі таңда нәзік жандылардың арасында денеге арналған шайлар жоғары сұранысқа ие. Мәселен, бір шайдың құрамында лаванда, көктікен гүлі және теңізден әкелінген тұз бар. Ең бастысы, табиғи әрі экологиялық таза өнімдерден жасалған.

Тағы бір өнімнің құрамында тұздың үш бірдей түрі кездеседі: Гималай тұзы, Өлі теңіздің тұзы және ағылшын тұзы. Мамандардың айтуынша, бұл дене терісін жасартады.

Бүгінде оннан астам косметика түрі шығарылады. Тауар халықаралық сапа стандарттарына сай.

Римма Уәлиева, PhD докторы, идея авторы:

 - Қазіргі таңда табиғи бұйымдар сәнге айнала бастады. Жыл өткен сайын кез келген әйел көрікті келбетін сақтап қалғысы келеді. Бұл – заңдылық. 100% табиғи косметика адам қолымен жасалады. Қандай да бір техника қолданылмайды. Компоненттердің барлығын шетелден әкелеміз. Мәселен, шипалы шөптер таулы Алтай өңірінен, яғни барлығы экологиялық таза аймақтардан тасымалданады.

Шағын өндірісті бастау үшін Римма Уәлиева университет тарапынан стартап грантына ие болған.

Әлиайдар Амангелді, бизнес-ассистент:

 - Университет жанында бизнес-инкубатор бар. Студенттер бизнес ашу мүмкіндігіне ие. Идея болса, қолдау көрсетеміз. Құжат жинауға, байқауларға қатысуға көмектемесіз. Қазіргі таңда студенттердің 15 стартап-жобасы бар. Басым бөлігі іске қосылып, қаржыландырылды.

Жас биолог өнім үшін халықаралық сапа сертификатына ие болды. Қаржыландыру болса, өндірісті автоматтандыруға да мүмкіндік бар. Сонымен қатар толыққанды зерттеу жүргізуге дермотологиялық жабдықтар қажет. Ол үшін қомақты қаражат керек. Жас ғалым бұл мақсатқа жету үшін мемлекеттік бағдарламаларға қатыспақ ниетте.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат