Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында үш ауысымды мектеп мәселесі шешіледі

Сондықтан бұл мәселе де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Мәселен, Ақтөбе облысында былтыр 20 білім ордасының құрылысы басталып, алты мектеп пайдалануға беріліпті. Қалғандарының құрылысы алдағы 12 ай ішінде аяқталуы керек. Ел-жұртты алаңдатқан үш ауысымды, апатты және ескірген ғимараттардың мәселесі шешіледі.

Соңғы жылдары орын алған ішкі миграция мен демографиялық өсім облыс орталығындағы тұрғындар санының күрт артуына сеп болды. Әсіресе «Нұр Ақтөбе» мен «Батыс-2» ауданы тұрғындары үшін мектеп тапшылығы өзекті мәселеге айналды. Сондықтан жаңа жыл қарсаңында 900 орындық оқу ордасының ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен сый.

Ақбаян Елубаева, қала тұрғыны:
- Таксиге, автобусқа мініп, қиындық көріп жүрген болатынбыз. Үйдің қасынан осы мектептің гимназия болып ашылып жатқанына өте қуаныштымыз. Оның үстіне қазақ мектебі. Енді осы карантин бітіп, кедергі келтірмей, балаларымыздың оқуына мүмкіндік болып, жаңа мектептің ашылуы тезірек болса екен деп тілейміз.

Қазір Ақтөбе облысында үш ауысымды кестемен білім беретін он мектеп бар. Ғимараты әбден ескірген үш білім ордасы тіркелді. Сондықтан құрылыс қарқыны жыл сайын үдеп келеді. Былтырдың өзінде 20 жаңа мектептің іргетасы қаланса, алтауы қолданысқа берілді. Бұл мақсатқа бюджеттен 6 млрд 400 млн теңге бөлінген.

Гүлназ Сүлейменова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Салынып жатқан 20 мектеп қазіргі таңда бір апатты, үш ескі, алты орын тапшылығы және үш ауысымды оқытылатын он мектептің мәселесін шешу үшін жоспарланған.

Мектеп тапшылығы тек Ақтөбе облысы ғана емес, еліміздің барлық өңіріне тиесілі мәселе. Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, республика бойынша үш ауысымда білім беретін 151 оқу ордасы, 34 апатты мектеп бар. Сондықтан құзырлы министрлік бұл мәселені бюджет қаражаты есебінен бөлек мемлекеттік және жекеменшік әріптестігі аясында шешуді ұсынып отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков