Хабар телеарнасы

БҰҰ: егде жастағыларды қолдау шараларын қабылдау керек

Бұл — әлемдегі өзекті мәселенің бірі. Сондықтан БҰҰ мұндай азаматтарды қолдаудың нақты шаралары болуы керек деп есептейді. Өйткені 2050 жылға қарай әлем бойынша жасы 65-тен асқан адамдар саны 1,6 миллиардқа жетеді екен. Ал жұмыс берушілер әдеттегідей жас мөлшеріне байланысты талап қойса, орта жастан асқан азаматтар не істейді?

Әлем елдерінде қарт адамдар санының арта беруі табиғи заңдылық. Дегенмен 2021 жылы туған бала, 1950 жылы туған адамға қарағанда орта есеппен 25 жыл артық өмір сүреді екен. Дамыған елдер егде жастағы азаматтарының үштен екісін жұмыспен қамтып, қажетті жағдай жасайды.

Ал дамушы мемлекеттерде жер ортасына келген азаматтар өзін керексіз сезінуі мүмкін. Тіпті жақындарының көмегіне мұқтаж болады. Аға буын атанғанда жұмысқа орналасу да оңай емес. Сондықтан БҰҰ экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаменті қарт азаматтардың құқын қорғау, оларды қолдаудың нақты шараларын қабылдау керек деп есептейді.

Даниэла Бас, БҰҰ Әлеуметтік саясат және даму бөлімінің басшысы:
-Егер әр мемлекет азаматтардың өміріндегі теңсіздікті азайту үшін әрекет етпесе, болашақта егде жастағы адамдар экономикалық теңсіздіктен көп зардап шегуі ықтимал.

Әрине АҚШ-та егде жастағы азаматтар жұмыс тез табады. Тіпті жұмыс беруші адамның жасы мен отбасылық жағдайын сұрамайды. Бірақ мұнда да еңбек нарығында күрмеуі көп мәселе бар. Мысалы, жұмысқа кірерде «Бәсекеге түспеу туралы» келісім ұсынылады. Ол бойынша жұмыстан шығып қалған соң тура сол саладағы бәсекелес компанияға тұра алмайсыз немесе кәсіп ашуына кедергі келеді. Соңғы жылдары мұндай келісімді тіпті сэндвич жасайтын, еден жуатын, қауіпсіздік қызметкеріне дейін ұсынатын болған.

Кеннет Дау-Шмидт, Еңбек және жұмыспен қамту құқығы кафедрасының профессоры:
-Мұндай келісімге тап болған азаматтар кейін басқа жұмыс іздегенде түрлі кедергіге ұшырайды. Басқа жұмыс берушілер де оларды қарастыруға шектеліп қалады. Салдарынан олардың мүмкіндіктері азайып, жақсы айлыққа өсуіне кедергі болады.

Монополияға қарсы заңды қадағалайтын тәуелсіз агенттік Федералды сауда комиссиясы еңбек шартындағы бәсекелесік жөніндегі келісімді алып тастауды көздеп отыр. Өйткені соның кесірінен қарапайым жұмысшылар айлығын көтеруді талап ете алмайды. Кез-келген уақытта басқа жерге ауысуын шектейді.

Авторы: Нұрбек Бекен