Хабар телеарнасы

Ұлыбританияда Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

Отандық туроператорлар шетелдік әріптестерін іскерлік қарым-қатынас орнатуға шақырды.

Көптеген ел үшін туризм – индустрия. Ол кіріс әкеліп, халықтың әл-ауқатының жақсаруына көмектеседі. Қазақстанда да туризм ілгері дамып келе жатқан салалардың бірі және оның әлемдік нарықта ойып тұрып орын алуға мүмкіндігі жеткілікті.

Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі:

- Қазақстанда туризм тұрғысынан шетелдік қонақтарға көрсететін көп дүние бар екендігіне сенімдімін. Бұған қоса бұл сала біздің экономикамыз үшін өте қажет индустрияға айнала алады.

Басқаларды былай қойғанда британиялық саяхатшылардың елімізге деген қызығушылығы жоғары. Олар Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан көне қалаларымыз бен тылсым табиғатымызға ынтызар. Оның үстіне ағылшындардан 30 күнге дейін виза талап етілмейді. Пандемияға дейін 2019 жылы 23 мыңға жуық британиялық Қазақстанға ат басын бұрған екен.

Гүлғайша Қасенханова, туристік компания директоры:

-Биыл коронавирустан кейін бірінші туристер Ұлыбританиядан болды. 12-17 күнге келіп тұрды. Олар біздің жерді, алдын ала келгенше оқып келеді. Каньон, парктарды көрсетеміз, Жібек жолы маршруттарын көрсетеміз.

Том Пейдж, саяхатшы:

-Өкілдеріңізбен әңгімелестім. Экрандағы видеоны көріп, таң-тамаша болдым. Меніңше, сіздерде дәстүр, мәдениет, сәулет өнері және табиғат керемет үйлесім тапқан. Мен Қазақстанда болған емеспін, бірақ 2023 жылы баруды жоспарлап отырмын.

Еуропалық турист Қазақстанға табан тірегенде орташа алғанда қалтасынан 1 500 доллар шығарады екен. «Мәселен, 100 турист келсе, осындай іс-шараларға жұмсалған шығын салықтың есебінен толық жабылып, жергілікті бюджеттің де, бизнестің де кірісі еселене түседі», – дейді мамандар.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы