Хабар телеарнасы

Ұлыбритания патшайымының қазасына байланысты Біріккен Корольдікте көпшілік іс-шаралар тоқтатылды

Ұлттық аза тұту, жерлеу рәсімінен кейін тағы 7 күн жалғасады. Монархпен қоштасу алдын ала дайындалған жоспарға сәйкес ұйымдастырылады.

Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветаның бақилық болуына байланысты әлем жұртшылығы қайғырып, көңіл айтып жатыр. Марқұмның денесі Шотландия резиденциясынан Лондонға бүгін жеткізілуі керек. Суыт хабар жария етілгелі бері Букингем сарайы алдына жиналған халық көп. Британдықтар кешегі түннен бері сарай қақпасының алдына гүл шоқтарын қойып, көңіл қосын білдіріп жатыр.

ІІ Елизавета ұзақ әрі ғибратты ғұмыр кешті. Ол тақта отырған жылдары екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «Тұманды Альбион» қайта түледі. Ұлыбритания империя болуын тоқтатты, Ұлттар достастығы ұйымына мүше болды. Еуропалық Одақ құрамына кірді. Брекситтен кейін қайта шықты. Патшайым билік еткен жылдары 15 премьер-министр ауысты.

Лиз Трасс, Ұлыбритания Премьер-министрі: 
-Біз үшін бұл орны толмас үлкен қайғы, бірақ ІІ Елизавета өзінен кейін өшпес мұра қалдырды. Британия бүгінде патшайымның арқасында ұлы ел болып тұр.

Жерлеу рәсімі Вестминстер сарайында 10 күннен кейін өтеді. Ол дата демалыс күні болып жариялануы мүмкін. Бүгінге жоспарланған Англия және Солтүстік Ирландия футбол лигасының футбол матчтары, сондай-ақ басқа да спорттық жарыстар болмайды. Концерттік шаралар да кейінге қалдырылып отыр. Теміржолшылар, теңізшілер және көлік одағы, сонымен қатар пошташылар патшайымға деген құрмет ретінде ереуілдерін бір күнге тоқтатты.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы