Хабар телеарнасы

Анадолыға қоныс аударған қазақтар Ыстамбұлда бас қосты

Салт-дәстүрін берік ұстанып, ана тілін дәріптеп жүр. Осындай үлгілі қауымның бірсыпырасы кезінде Анадолыға ат басын бұрған. 70 жыл бұрын Алтайдан ауыпты. Айтулы датаға орай қандастарымыз Ыстамбұлдың шаңын шығарып, той өткізіп жатыр.

Анадолыдағы қаракөз қандастарымыз Қазақстанды ­«атажұрт», Түркияны «анажұрт» деп ерекше құрметтейді. Осыдан 70 жыл бұрын Алтайдан Такламакан шөлі арқылы Гималайға, Үндістаннан Пәкістанға, одан әрі Араб теңізімен Иракқа бет алып, соңында Түркияға табан тіреген. Ыстамбұлдағы келелі жиын 1930 жылы қазақтарды қабылдау жөнінде шешім қабылдаған Түркияның бұрынғы премьер-министрі Аднан Мендереске құрмет көрсетіп, еске алумен басталды. Алыстағы жұрт, өздеріне қамқор болған саясаткердің қабіріне зиярат етіп, рухына тағзым етті.

Ресми рәсімнен кейін Қазақстан, Еуропа мен Түркиядан келген екі мыңға жуық қазақ табиғат аясында бас қосты. Қазақкент Алтай қоғамдастығының ұйытқысымен өткен шарада ақжаулықты аналар шашу шашып, ер кісілер табақ тарту дәстүрін орындады. Мұндай жоралғыларды әсіресе жастарға көрсету маңызды. Қазақстан шетте жүрген қандастарымыздың мұндай бастамаларына әрдайым қолдау көрсетіп келеді.

Әлім Байел, Қазақстанның Ыстамбұлдағы бас консулы:

- Жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі – Түркиядағы қазақтарға, қандастарға қолдау көрсету. Ал биыл Алматы және Түркістан қалаларында Аднан Мендерстің аты екі көшеге берілді. Осы жұмыстарды әрі қарай жалғастыратын боламыз.

Абдуллаһ Өздемир, Ыстамбұл Бағжылар ауданының әкімі:

- Осындай ерекше шара ұйымдастырған қазақ бауырларымызға алғысымды білдіремін. Ыстамбұлдың Зейтінбұрны, Бағжылар, Күчүк Чекмеже сияқты бірнеше ауданында қазақтар тұрады. Олармен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Өзімнің де университеттен бері келе жатқан қазақ досым бар. Алдағы уақытта да қазақ бауырларымызбен байланысымыз нығая беретініне сенімдімін.

Түркиядағы қазақтардың дәл осылай көпшілік боп басқосуы көптен бері болмаған. «Сондықтан бұл жиын әсіресе жастар үшін өте маңызды», – дейді ұйымдастырушылар.

Берекет Четин, Қазақкент Алтай қоғамдастығы төраға орынбасары:

- Бұл жердегі мақсат – ата-апаларымызды жастармен таныстырып, басын қосып, қазақ рухын көтеру. Құрылғанымызға үш жыл болды. Жастардың басын қосып, бір-бірімізге көмек беріп, танысу мақсатында жасалған жоспар болатын.

Сондай-ақ жиында Түркістаннан келген «Атамекен» ұлт-аспаптар ансамблі ән айтып, күй тартып, көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Бұдан бөлек, қаралы көштің сирек кездесетін суреттерінен құралған көрме ашылып, тарихы түсіндірілді. Шарада бүлдіршіндер де ұмытылмады. Балақайлар ойын ойнап, қаражорға биін мың бұрала орындады. Айта кеткен жөн, тарихи көштің 70 жылдығына арналған шаралар легі мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта Түркияда осындай бірнеше шара легін ұйымдастыру көзделген.

Авторы: Меруерт Қанағат