Хабар телеарнасы

Испанияда аптап ыстық басылар емес

Аптап ыстық апта аяғына дейін жалғасуы мүмкін. Қазір жиырмаға жуық елді мекенде қауіптің «қызыл» деңгейі жарияланған.

Шілденің шіліңгір ыстығы Испания тұрғындары мен туристерін әбігерге салды. Таңнан бері теңіз жағалауында тіпті орын жоқ, су маңында сая іздеушілердің қарасы қалың. «Күннің қатты ысуына Солтүстік Африкадан ауған ағын әсер етті», – дейді метеорологтар. «Үп» еткен желі жоқ дәл мұндай қапырық қырық жылдан бері болмаған.

Аптап ыстықтан тұрғындардың көбі үйіне тығылуға мәжбүр. Алайда төрт айдан бері Испанияда электр энергиясына төленетін тариф бірнеше есеге өсіп кетті.

Хуан, Барселона қаласының тұрғыны:

- Күннен тығылып, үйде отыру қалтаңды қағады. Өйткені ыстық үйде үнемі желдеткішті қосуға мәжбүр боласың. Ал қуат көздеріне төленетін тарифтің бағасы қатты шарықтап тұр.

Метеорологтар Испаниядағы аптап ыстық апта аяғына дейін жалғасатын айтады. Испанияның жиырмаға жуық елді мекенінде күн райының қолайсыздығына байланысты қауіптің «қызыл» деңгейі жарияланды. Түнде сынап бағаны отыз градус ыстықтан төмен түспейді. Испанияның Денсаулық сақтау министрлігі мұндай қапырық күндері тұрғындарды спортпен шұғылданбай, суды көп ішуге кеңес береді. Өйткені бір аптаның ішінде басынан күн өткен мыңдаған адам дәрігер көмегіне жүгінген.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач