Хабар телеарнасы

Испанияда аптап ыстықтан екі жол жөндеуші қайтыс болды

Қатты ыстықтан жол жөндеу қызметінің екі жұмысшысы қайтыс болды. Дәрігерге шағымданған адам саны еселеп артуда. Аптап ыстық Испания ғана емес, Франция, Чехия, Италия мен Германияда да орнаған.

Еуропаға 150 жыл болмаған аптап ыстық қайта оралды. «Бұл – Харон антициклонынының әсері», - дейді мамандар. Қолайсыз күн райы, әсіресе күн астында жұмыс істейтін қызметкерлерге оңай тиіп тұрған жоқ. Мадрид қаласында асфальт төсеп жүрген жол жөндеу жұмысының екі қызметкері ыстық өтіп, қайтыс болды. Осы оқиғадан кейін ел үкіметі жұмыс уақытын қысқартуды қарастырып жатыр.

Күннің ыстығы соншалық, ауа температурасы көлеңкенің өзінде 40 градусқа жетеді. Бұл аптап ауыл шаруашылығы саласына да қиындық туғызып тұр. Еуропа елдерінде биыл жауын-шашын мөлшері үш есе азайған. Мұндай ыстық өрт сияқты тілсіз жаудың да өршуіне тікелей фактор.

Испания ғана емес, Италия, Франция, Чехия, Германияда да күннің ыстығы 40 градустан асып кетті. Мамандардың болжауынша, Германияда биыл бір шаршы метрге түсетін жауын мөлшері 50 литрге аз болмақ. Ал Италияның тоғыз қаласында қауіптің үшінші деңгейі жарияланды.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач