Хабар телеарнасы

29 көлігін сатқан Ташкент әкімі түскен қаржыны қайырымдылыққа жұмсаған

Кезекте тағы алты темір тұлпары бар. Оларды да аукционда саудалап, пайданы сырқат балалардың еміне бағыттамақ.

Өзбекстанда 2018 жылы алғаш рет алып шаһар басшылығына бизнесмен тағайындалған еді. Оған инфрақұрылымды түзеу, әлеуметтік жағдайды жақсарту міндеттерімен қатар, кәсіпкерлікті дамыту жүктелді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Әдетте Өзбекстан дегенде ойға, ең алдымен, қатаң қағида, темірдей тәртіп оралады. 2016 жылға дейін солай болып келді. Биліктің ауысуымен жағдай да өзгере бастады. Мына біз тұрған шаһарға жаңа әкім тағайындалды. Оның өзге әріптестерінен ерекшелігі ірі кәсіпкер еді. Бірнеше бизнес құрылымға иелік ететін. Шаһарға әкім боп, барлық сала жұмысын монополиялап ала ма деген қауіп болды. Алайда ол сенімге селкеу түсірмеді. Тіпті бюджет мүмкіндігі жетпеген жерге өз есебінен қаржы бөліп, халыққа қарайласты.

Ташкент – кәсіпкерлікке қолайлы қала. Бұған алдымен халық санының көптігі сеп. Бірақ мұнда да парақорлық пен алаяқтық тыйылар емес. Соның бір мысалы – жер учаскелерін заңсыз сату. Оны көбіне әкімдік қызметкерлері жасайтын көрінеді. Салдарынан табыс пен салық тікелей қазынаға түспей, бюджет бүйірін толықтырып жатқан жоқ. Шаһарда жолдар жөнделмей, түйінді түйткілдер көбейді.

Елдегі ең ірі мегаполис мәселелерін шешуді Президент 2018 жылы кәсіпкерге тапсырып, оны қала басшылығына тағайындаған еді. Бұл міндетті бизнес қауымдастыққа есімі жақсы таныс Жаһангер Артықожаев алды. Қызметке келген бойда ол қала маңындағы көпқабатты үйден 400 пәтерді мұқтаждарға таратқан. Сырқат жандарға қарайласып, еміне қаражат бөлген. Бюджеттен емес, жеке автопаркіндегі көліктерді сатып, түскен пайданы үлестірді. Бастапқыда Артықожаевтың иелегінде 35 көлік болған. Қазір едәуір аз.

Жаһангер Артықожаев, Ташкент қаласының әкімі:

- Көліктерді ерекше ұнатамын. Қазір иелігімде алтауы қалды. Оны да сатып, жүрегі ауыратын балалардың еміне көмектесемін. Бұған дейін мұқтаждарға қарайласып жүргенімді жария етуге қарсы болатын едім. Бірақ айтпасқа болмай жүр. Мен туралы қоғамда теріс пікірлер айтылады.

Ташкент әкімінің кәсіпкерлікті дамытуды мықтап қолға алғаны байқалады. Барлық жерде қосымша табыс табу, яғни бюджет түсімін арттыру жолдары бар. Мәселен, былтыр ғана салынған Жеңіс саябағын аралау қазір ақылы. Билет жергілікті жұртқа бір, шетелдіктерге екі есе бағада сатылады.

Валерий Бирюков, сарапшы:

- Ол сол жерді қалайда дамытамын деген ойда жүруі тиіс. Инфрақұрылымды қалыптастырып, жол, жарық, су, коммуналдық желілерді жаңғыртып, ұдайы бақылауда ұстауға міндетті. Кейінгі кезде Ташкенттің бюджеті кем-кетігін жөндеуге жетпей жатыр. Сондықтан мегаполиске үнемі ақша табуды ойлайтын адамның басшы болғаны дұрыс деп есептеймін.

Қазір қалада қайырымдылық шараларға бюджеттен қаржы бөлінбейтін болған. Оның орнына Артықожаев бизнестегі серіктестерін тартып, ізгі амалдар жасауға үндейді. Шаһардың инфрақұрылымы ақсап тұрғанымен халықтың атқарушы билікке берген бағасы оң. Олардың айтуынша, әкімдік қағазбастылықтан арылған. Бюрократиялық кедергілер жоқтың қасы. «Бұл – мемлекеттік қызметке келген кәсіпкердің негізгі артықшылығы», - дейді олар.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов