Хабар телеарнасы

2 миллионан астам украиндық көрші елдерде бас сауғалауда

БҰҰ-ның дерегінше, ақпанның 24-інен бері елден көрші мемлекеттерге 2 миллионан астам адам бас сауғалап барған. Кей сарапшылар алдағы уақытта бұл көрсеткіш 8 миллионға жетуі мүмкін екенін айтады.

Украиналықтар негізінен Польша, Чехия, Словакия, Молдова, Венгрия мен а өткен. Германияға бет алғандардың да қарасы көп. Ел билігі оларды қабылдап, баспана беруге дайын екенін мәлімдеді. Қарапайым тұрғындар да жылу жинауға кіріскен.

Күн сайын Берлинге Украинадан 10 мыңнан астам босқын келіп жатыр. Олар – әйелдер, балалар және егде жастағы адамдар. Германия оларды жеңілдетілген жүйе бойынша қабылдап жатыр. Яғни босқындарға баспана мен медициналық сақтандыру беріледі. Кейін украиналықтар елде жұмыс істей алады.

Ольга, босқын:

- Осыдан 11 күн бұрын жолға шықтық. Төрт күн Украина аумағымен жүріп Варшаваға жеттік. Онда 7 күн тұрдық. Енді үш баламен Германияға келдік. Біз таңғалдық. Алдымен поляктар, ал енді осында бізді құшақ жайып қарсы алды. Жалғыз қалдырмайды. Адасып қаламыз ба деп, қайдан көмек сұрауын ойладық. Қазір бізде бәрі бар дейтін болдым. Оған қарамастан бере береді. Алғысымыз шексіз.

Соңғы мәліметке сай, Германияға қоныс аударғандардың саны 80 мыңнан асты. Алайда босқындар қатары бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Елден кетуге мәжбүр болған украиналықтарға қол ұшын созып, қолдау білдіріп жатқан халықтың қарасы да аз емес. Азық-түлік, дәрі-дәрмек, күнделікті қолданысқа керек заттарды әкеліп жатыр. Берлин вокзалында жиналғандарды өз үйлеріне шақыруға да дайын.

Маргот, Берлин қаласының тұрғыны:

- Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде анам да бас сауғалап, оны мейірімді адамдар қабылдаған еді. Енді мен де соғыстан қашқан адамдарға көмектескім келеді. Бос пәтерім бар, онда шағын отбасы тұра алады. Баласы бар әйелге көмектескім келеді. Тіл меңгеруге көмектесе аламын.

Босқындарға Берлинде қалуға рұқсат. Еуропаның өзге еліне барғысы келетіндерге барлық жол ашық. Париж, Амстердам, Копенгагенге автобуспен тегін жетуге болады.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский