Хабар телеарнасы

Оңтүстік Кореяда жаңа президент сайланды

Елдің жаңа президенті болып Юн Сок Ёль сайланды.

Владислав Цой, тілші:

- Оның жеңіске жетуінің басты факторының бірі өзге оппозициялық партияның кандидаты Ан Чхоль Сумен бірігуі болды. Бұл Юн Сок Ёлге Оңтүстік Кореяның президенттік сайлау тарихында алғаш рет аз ғана дауыспен жеңіске жетуіне көмектесті. Ұлттық сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, Юн сайлаушылардың 48,56% дауысына ие болды.

Ол қазіргі президент Мун Дже Иннің саясатына қарсы көзқарастарымен танымал. Юн бас прокурор болып тұрғанда жоғарғы билікте сыбайлас жемқорлық барын айтып, тіпті Мунға қарсы тергеу жүргізетінін ескерткен. Ал сайлаушылар Юннан жылжымайтын мүлік бағасын төмендетуді сұрап отыр. Қазіргі мемлекет басшысы да осы мәселені шеше алмағаны үшін сайлаушылардың сынына ұшыраған. Сондықтан Юн Сок Ёль сайлау науқаны барысында алдағы 5 жылда 2,5 миллион тұрғын үй тұрғызуға және жылжымайтын мүлік салығын төмендетуге уәде берді. Ал Сыртқы саясатта Юн одақтасы АҚШ-қа сүйенетін болады.

Андрей Ланьков, корейтанушы:

- Қытай, Солтүтік Корея, тіпті Ресеймен арадағы қарым-қатынас бұзылуы мүмкін. Өйткені консерваторлардың ресми түрде жариялаған саясаты бойынша солтүстікпен ешқандай байланыс болмайды. Мәселен, бұл елдер кез келген келісімді бұзады делінген. Сондықтан Солтүстік Кореяны өзінен алшақ ұстап, олармен ортақ істің болмағаны абзал. Сонымен қатар Юн Сок Ёлдың Америкаға оң ұстанымы да оның саясатына әсер етуі мүмкін. Корей қоғамындағы Қытайға деген жағымсыз көзқарас та ушығуы ықтимал.

Владислав Цой, тілші:

- Юн Сок Ёльдің барлық жаңа шешімдері оппозицияның қарсылығына тап болатыны анық. Себебі оппозициялық партия Парламентте көпшлік орынға ие. Ал билікке келген «Халық күші» 300 орындық Ұлттық Ассамблеяның тек 110 орнына иеленген. Тағы айта кететін жайт, Юн өзінің міндеттерін орындауға 2 айдан кейін кіріседі. Ал оны ұлықтау рәсімі мамыр айында өтеді.

Авторы: Владислав Цой