Хабар телеарнасы

АҚШ Украина төңірегіндегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты Ресейге қатысты қатаң санкциялар қолданатынын ескертті

Ал Ресей тарапы: «Мұндай жағдайда еуро немесе юаньды пайдаланамыз», – дейді. Бұл туралы Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев мәлімдеді.

Ресейге нақты қандай санкциялар салынатыны әлі белгісіз. Бірақ Вашингтон 2014 жылғыдан да қатаң шектеулер енгізетінін ескертуде. Тыйымдар қорғаныс және ғарыш саласын тұралатып тастайтын түрі бар. «Солтүстік ағыс-2» газ құбыры тоқтатылып, Ресей халықаралық СВИФТ қаржылай төлем жүйесінен шеттетілмек. Ал банктерге доллармен операциялар жүргізуіне тыйым салынуы ықтимал. Салдарынан Ресейдің қаржы орындарының халықаралық деңгейде жұмыс істеуі қиындайды.

Сергей Швакин, Экономикалық және құқықтық зерттеулер институтының директоры:

- Санкциялардан мемлекетпен қатар ірі ойыншылар мен бірлестіктер де жапа шегеді. Қарапайым адамдар да қатты зардап тартқалы тұр. Мысалы, тұрғындар қаржы аудара алмайтындықтан, шетелден тауар әкеле алмайды.

Санкцияларға ресейліктер ғана емес, америкалық және еуропалық компаниялар да алаңдаулы. Германия шектеулер Ресейдің энергетика саласына қолданылмауын қалайды. Өйткені тыйымдардан кәрі құрлыққа энергия жеткізу тоқтап қалуы ықтимал.

Андрей Коннов, Цифрлық экономика ұлттық қауымдастығының жұмысшы тобы басшысы:

- Қазір әлемдік экономика шыны үй тәріздес. Ресейлік компаниялардың шикізаттары мен кей тауарларынсыз шетелде көптеген бірлестіктің жұмысын елестету қиын. Халықаралық серіктестер Дүниежүзілік сауда ұйымына шағым түсіріп, «Ресей қарымта шектеулермен бәсекелестікті шектеп отыр» деп шағым түсіруі мүмкін. Мұндай жағдайда бізге неге осы ұйымға қарсы тарап санкциялар арқылы бәсекелестікті шектеді деп шағымданбасқа?

Геосаяси жағдайдың шиеленісуінен Ресей қор нарығы 15%-ке төмендеп, рубль құнсызданған. Сарапшылар 2 жылдан бері жалғасып келе жатқан пандемия мен 2014 жылғы санкциялардан қатты зардап шеккен Ресей экономикасына жаңа тыйымдар ауыр тиеді деп отыр. Олардың есебінше, алдыңғы шектеулерден Ресей ішкі жалпы өнімі соңғы 7 жылда 350 миллиард долларға азайып, елден капиталдың қашуына әкелген.

Дамир Кудряков, сарапшы:

- 2014-ші жылы санкциялардың Ресей ішкі жалпы өніміне ықпалы 5-7 %-ке жеткен еді. Бірақ қазір олардың ықпалы әлсіреген. Соңғы 5 жылда Ресейдің оқшаулануы көбірек байқалады. Яғни егер біз бұған дейін халықаралық экономикамен тығыз интеграцияланған болсақ, қазір сын-қатерлерді болдырмауға күш салынған. Халықаралық экономикадан тәуелділік аз болса, санкциялардың да ықпалы әлсіз болады.  

Ал АҚШ енді жеке саяси тұлғалар мен кәсіпкерлерге де санкциялар салу жағын қарастырып жатыр.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Дәурен Ақашұлы, Дана Нуржан