Хабар телеарнасы

Түркиядағы қандастар қиындықта қалған бауырларына қолдау көрсетіп жатыр

Енді Қазақстанға қайта алмай отыр. Шарасыз қалған отандасымызға Түркиядағы қандастарымыз қол ұшын берді.

Равиль Арыстанбеков, жолаушы:

-Аэропорттан алып келіп, орналастырып, тамақтандырып, жататын жер берді.

Алыста болса да, жүрегі қазағым деген соққан түркиялық қандастарымыз дер кезінде жұмылып, жолда қалған жолаушыларға демеу болды. Қазақы дәстүрге сай, арнайы мал сойып, ыстық тамақ, жатын орынмен қамтамасыз етті.

Жанымхан Жаналтай, қандас:

-Осындай жағдайда енді біз қазақ болып, бір бола алмасақ, басқа еш уақытта бірлігімізді қорғай алмаймыз. Қазақ – қай жерде жүрсе де қазақ. Оның айырмашылығы жоқ. Біздің бір Қазақстанымыз бар. Сол бір Қазақстанымыздың халқы үшін бәрін істеуге дайынбыз.

Қиналған жұртқа көмек көрсетіп жатқандардың арасында өзіміздің отандастарымыз да бар.

Меруерт Серікбайқызы, волонтёр:

-Біздің осы кездегі бірлігіміз өте қатты білінді, көрінді. Бауырларымызға деген ыстық ықыласымызды байқадық. Енді қолдан келгенше елімізде болмасақ та, осы жақта қалған қазақтарға осылай қолдау білдіруге тырысып жатырмыз.

Тимур Әубәкіров, волонтёр:

-Еліміздегі ахуалға байланысты қатты қайғырып отырмын. Тұңғыш қызым Алматыда. Алғашқы екі күннен бері байланыс мүлдем болмады. Балаңнан хабарсыз болып қалғаннан қиын дүние жоқ екен. Қос аэропортта азаматтарымыздың қалып қойғанын біле сала, жүгіріп жеттік. Екі апаны үйге алып келдім. Олар Қазақстандағы отбасыларымен хабарласты. Апаларым келгеннен соң, қызыммен де байланыс орнаттым.

Түркияда оқып жатқан қазақстандық жастар жұмылып, уақытша елге қайта алмай қалған жолаушыларға көмек көрсетіп жатыр.

Аслан Серік, студент:

-Бізден енді материалдық көмек көп болмаса да, моральдық көмек беруге келдік. Осы жаққа 70-100 шақты адамның келетінін естідік. Керекті продуктылардың тізімін құрдық. Келген адамның тізімін алдық. 

Қазақстанда жарияланған төтенше жағдайға байланысты Түркияда уақытша жүрген мыңнан астам қазақстандық елге қайта алмай қалған. Сондықтан Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Ыстамбұлдағы Бас консулдығы арнайы штаб құрып, жолаушыларға құқықтық-ақпараттық қолдау көрсетіп жатыр. Жолда кідірген жолаушылардың алдыңғы легі кеше елге аттанды.

Автор: Меруерт Қанағат