Хабар телеарнасы

«Магнум» сауда желісі өз ісін кеңейтуде

Компания көрші ел нарығына шығу үшін 20 млн долларға жуық инвестиция құйған. Қазір Ташкенттегі дүкенде өзбекстандықтар Қазақстан, Бразилия, Италия, Қытай, Колумбия АҚШ, Түркия сынды елдерден импортталған сапалы тауарды қолжетімді бағаға сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Бұл ­– Өзбекстан аумағындағы алғашқы «Магнум» гипермаркеті. Қазақстандық сауда желісінің ашылуын көптен күткен халық бүгін көп жиналды. Себебі «Магнум» жергілікті тұрғындар үшін қолжетімді бағаға тауардың 20 мыңға жуық түрін ұсынады.

Азамат Османов, «Magnum cash & carry» компаниясының басқарма төрағасы:

- Шығыс – сауда мәдениетімен танымал. Бұл жақтың базарының басты құндылығы – ол ыстық тандыр нан, жеміс-жидек пен көкөністің молшылығы. Бұлардың барлығын өзің таңдап жүріп алу керек. «Магнум» гипермаркетінде біз тұтынушыларға етті де өзі қалағанынша бөлшектеп береміз. Себебі халық түгел отбасыға арнап сауда жасайды. Сондықтан «Магнум Өзбекстан» бұл дәстүрді сақтап, оны одан әрі дамытуға өз үлесін қосады.

Өзбекстандықтар қазақстандық ұн, макарон, ет өнімдерін ерекше жақсы көреді. Айта кету керек, «Магнум» гипермаркеттеріндегі балғын ет «Халал» сертификатына ие. Негізі «Магнум» компаниясы Өзбекстанда сауда желісін ашпас бұрын жергілікті нарықты екі жыл зерттеген екен.

Асқар Мнайдар, «Magnum Uzbekistan» компаниясының бас директоры:

- Қазір Өзбекстандағы компаниямызда 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Оның 400-і – дүкен персоналы. Басым бөлігі Өзбекстан азаматтары. Ал бас кеңседегі қызметкерлер ­негізінен Қазақстаннан келген мамандар. Енді қазір біз Өзбекстан азаматтарының осы істегі біліктіліктерін жетілдіріп, жұмысқа алып жатырмыз.

Жалпы биыл «Магнум» компаниясының Ташкентте тағы бір супермаркеті ашылады деп жоспарланған.

Авторлары: Риат Шони, Санжар Шатуляганов