Хабар телеарнасы

Қазақстан мен Қытай арасында теміржолмен жүк тасымалдау көлемі артып келеді

Бұл жөнінде Қытаймен шекарадағы Алтынкөл станциясына және Орталық Азиядағы ірі «Khorgos Gateway» құрлықтағы портына баспасөз турын ұйымдастырған «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының өкілдері мәлімдеді.

Алтынкөл темір жол станциясы арқылы Қытайдан Еуропаға, Парсы шығанағы елдеріне, Орталық Азияға, Кавказға тауар тасымалданады. Алтынкөлде жүктерді, жолаушыларды және контейнерлік пойыздарды қабылдау және жөнелту жүзеге асырылады. Вагондарды жеделдетіп қарау үшін озық технологиялар еңгізілген.

Қанат Көбесов, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының орынбасары:

- 2015 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы айналымы жылына 7 млн тонна болса, 2020 жылы 21 млн тоннаға жетті. Айналым үш есе ұлғайды. Биыл бұл көрсеткіш 25 млн тонна болады деп жоспарлап отырмыз. Әсіресе контейнермен тауар тасымал көлемі ұлғайып келеді. Соңғы 6 жылда ол 6 есеге өсті. Бірақ жүк тасымалдау тарифі өскен жоқ.

Берік Ақшалов, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС – «Алматы ЖТ бөлімшесі» филиалының  директоры: 

- Қытайдан жүк қабылдау көлемі 10% өсті. Ал жүкті жіберу 25% азайды. Бұл Қытайдағы карантиндік шараларға байланысты болып тұр. Егер олардың тарапынан вирус анықталса, ол жерде жұмыс істейтін адам саны азаяды. Бүгінгі таңда олар тек контейнерлік пойыздарды қабылдайды.

Алтынкөл станциясы жанында орналасқан Құрлықтағы порт жүктерді өңдеу, сақтау және ауыстырып тиеу саласында қызметтердің толық спектрін атқарады. Порт аумағында бір уақытта 18 мыңнан астам контейнерді сақтауға болады.

Нұрлан Игембаев, «KTZ Express» АҚ басқарма төрағасы:

- Транзиттік потенциалды айтатын болсақ, Қазақстан арқылы транзитпен 8 ай қорытындысымен қарасақ, 712 мыңнан астам контейнерлер өтті. Оның басты бағыты – Қытайдан Еуропаға. Жалпы 8 ай бойынша 438 мыңнан астам контейнер өтті. Былтырғы көрсеткіштермен салыстырсақ, өсім 32% болды.

«Қорғас» терминалы арқылы өтетін жүктердің 70% – транзиттік, қалғаны – импорттық тауар. «ҚТЖ» ҰК» жүк қозғалысы жөніндегі басқарма төрағасы орынбасарының м.а. Оралхан Құлақов: «Жағдай Үкіметтің бақылауында, күн сайын қытайлық әріптестермен келіссөздер жүргізіліп жатыр», – деді.

Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов