Хабар телеарнасы

Ұлыбританиядағы жанармай бекеттерінде ұзынсонар кезек

Ұлыбританияда төртінші күн қатарынан бензин құю бекеттерінде ұзынсонар кезек. Көлік жүргізушілері сұйық отын таусылып қалады деп уайымдап, бактарын толтырып жатыр.

Ал билік өкілдері жанармай елде жеткілікті екенін айтып, елді сабырға шақыруда. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, ондаған мың тұрғын жұмысқа жете алмай қалған. Мектептер де қашықтан оқу форматына көшуге мәжбүр.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

 - Индустрияға жауапты мамандар да бензинның бар екеніне келіседі. Дей тұрғанымен оны жанар-жағармай құю бекеттеріне жеткізетін көлік жүргізушілері жоқ деп дабыл қағып жатыр. Елдегі бекеттердің тең жартысынан астамында бензин жоқ. Мәселені жедел түрде шешу үшін үкіметтегілер уақытша визамен Еуропадан 5000 жүргізуші шақыруға келісім берді.

Грант Шэппс, Ұлыбритания көлік министрі:

 - Бұл визалардың пайдалану мерзімі осы жылдың соңына дейін ғана жарамды. Біз бірнеше жылға созылған мәселелерді шешіп, шетелдік жұмыс күшіне тәуелді болғымыз келмейді. Жүк көлік жүргізушілерінің жетіспеушілігі бұрыннан бар, ал алты мұнай өңдеу зауытындағы 47 жанармай сақтау қоймасында бензин жеткілікті.

Бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлер виза санын көбейту туралы жаңалықты қуана қабылдады. «Бірақ виза санын 90 мыңға жеткізбесе, Роджество қарсаңында жағдай бұдан да күрделене түседі», - дейді. Дүкенде тамақ азайып, инфляция туындауы мүмкін екен. Ауыр жүк көлік жүргізушілерінің жетіспеушілігі тек бензинге әсер етіп отырған жоқ. Бірнеше айдан бері қалыптасқан жағдай тамақ өнеркәсібі индустриясын да тұралатты. Өнім өндірушілер, сауда орындары және желілік мейрамханалар зардап шегіп жатыр. Тығырыққа тіреп отырған мәселе – Брексит. Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан шыққаннан кейін ел билігі сырттан жұмыс күшін тартуға шектеу қойған. Бұған қоса, пандемия да жығылғанға жұдырық болып отыр. Ұлыбритания Премьер-министрі мәселе күрделене түсетін болса, әскерилерді көмекке шақыруы мүмкін. Министрлер бұл бактарын алдын ала толтырып алып жатқан көлік жүргізушілеріне тоқтау болады деген үмітте.