10:00Эфирде: «Елбасы. Тәуелсіздік жылнамасы» деректі фильмі
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Ауғанстаннан 35 этникалық қазақ атамекенге табан тіреді

  • Категория: Әлемде
Ауғанстаннан 35 этникалық қазақ атамекенге табан тіреді

Ауғанстаннан арнайы ұшақпен жеткізілген этникалық қазақтар еліміздің солтүстігіне орналастырылуы мүмкін.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Ал әзірге олардың барлығы уақытша оқшауландырылды.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ауғанстаннан 35 қандас елге жеткізілді. Арнайы ұшақ түнде Алматыға қонды. Жалпы Қорғаныс министрлігінің ұшағымен барлығы 41 жолаушы ұшып келген.

Бұл – Ауғанстандағы ахуал ушыққалы бері елге оралған қандастарымыздың алғашқы легі. 35 қазақ. Арасында шынашақтай бала да, қарт әжей де бар. Хасанның қуанышында шек жоқ. Ол бұған дейін Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Тахар провинциясында тұрған. Қазақстанға онымен бірге анасы, 2 інісі және 3 қарындасы келді.

Хасан, қандас:

- Атамекенге келгенім үшін, көмектесіп алып келгендері үшін рақмет. Президентімізге, көмектескендерге рақмет айтамын. Атамекенге, тарихи Отанымызға келгенімізге өте қуаныштымын. «Тікұшақ келеді, тікұшақ жібереміз», – деді. Мен қатты қуандым, алғысымды айттым.

Арнайы ұшақпен Кабулдан Алматыға жеткізілген қандастардан бөлек, еліміздің 4 азаматы, Қырғызстанның 1 азаматы және Қазақстанда тұрақты тұратын 1 ауғанстандық бар. Олар карантин талабына сай уақытша оқшауланды.

Мағауия Сарбасов, «Отандастар» қорының вице-президенті:

- Ауғанстан аймағынан этникалық қазақтардың бірінші легі келіп қонды. Өзіміздің қандастарды Ауғанстаннан шығару Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен және Кабулдағы елшіліктің қолдауымен болған еді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілінің мәлімдеуінше, қазір қандастарды өңірлерге көшіру мәселесі қарастырылып жатыр.

Ерболат Абулхатин, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары:

- БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігінің дерегінше, жыл басынан бері қақтығыстар салдарынан жарты миллионнан астам ауғанстандық үйін тастап кеткен. Ұйым өкілдері саяси тұрақсыздық пен азық-түлік тапшылығы салдарынан елге ашаршылық қаупі төніп тұр деп ескертті.

Өткен айда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев этникалық қазақтарды тарихи отанына қайтаруға көмек көрсетуді тапсырған болатын. Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сай Ауған елінде 15 қазақ отбасы тұрады. Шамамен 200 адам. Алайда бұқаралық ақпарат құралдарында мұндағы этникалық қазақтар саны бұдан да көп деген хабар тарады. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров: «Көшуге өтініш берген адамның қазақ екенін елшілік ішінде құрылған комиссия анықтайды», ­– деді.

Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:

- Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Ауғанстанда бірнеше мың этникалық қазақ тұратыны туралы тексерілмеген ақпарат таратты. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Осыған байланысты ақпаратты мұқият тексеріп, қажетсіз дүрліктірмеуді сұраймыз. Біз тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз және Ауғанстандағы қазақтармен тұрақты байланыстамыз.

Қазір Кабулдағы елшілік қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Қандастарымыздың өтінішіне байланысты оларды атамекенге жеткізу мәселесі бойынша жұмыстар әрі қарай жалғасады.

Авторы: Меруерт Жақан

Сондай-ақ...