Хабар телеарнасы

Әлемнің бірнеше елінде нәсілшілдікке қарсы шерулер өтті

Нью-Йоркте енгізілген коменданттық сағатқа қарамастан тонау мен вандализм фактілері тыйылар емес. Ал Вашингтонда наразы жұрт тәртіп сақшыларына тас лақтырған. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, елдегі тәртіпсіздіктер кезінде 11 адам мерт болды. Ереуілдер Еуропа елдерінде де өтіп жатыр. Францияда полицияның бассыздығына қарсы ұйымдастырылған акцияға 20 мыңға жуық адам қатысты. Бейбіт түрде басталған шеру соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты.

АҚШ-тың ондаған қаласында коменданттық сағат жарияланған. Нью-Йоркте кешкі 20:00-ден таңғы 05:00-ге дейін көшеге шығуға болмайды. Алайда бұл шара бұзақылар ісіне тоқтау сала алмады. Шаһарда дүкендер тоналып, полицейлермен арадағы қақтығыстар жалғасып жатыр. Дегенмен Нью-Йорк мэрі қалаға Ұлттық гвардия кіргізуге қарсы.

Билл Де Блазио, Нью-Йорк мэрі:

- Қазір бізде 36 мың полицей бар. Олар кез келген тәртіпсіздікті тоқтатуға қауқарлы. Қазір шаһардағы жағдай ушығып тұр. Мәселе бір күнде шешіле қоймас.

Ал Парижде мыңдаған адам сот ғимаратының алдына жиналды. Демонстранттар осыдан төрт жыл бұрын полиция учаскесінде көз жұмғанды еске алып, тәртіп сақшыларының қолынан қаза тапқандардың ісіне қатысты әділдікті талап етті.

Абдалла Гомес, шеруге қатысушы:

- АҚШ-тағы оқиғаны бақылап отырмыз. Афроамерикалық полицияның қатыгездігінен көз жұмды. Бізде дәл осындай қайғылы оқиға төрт жыл бұрын болған. Ол полицейлер әлі жазаланбады.

24 жастағы жігіттің өліміне полицейлердің кінәсі бары анықталмаған. Бұл жайт қоғамдағы қарсылықты күшейтіп отыр.

Асса Траоре, Адама Траоренің әпкесі:

- АҚШ-тағы оқиға Франциядағы толқуларға алып келді. Біз барлығын ашық айтуымыз керек. Нәсілшілдікті тоқтатуға тиіспіз.

Францияда жыл сайын полицейлердің зорлық-зомбылығынан оннан астам адам қаза табады. Алайда бұл елде АҚШ-тағыдай этникалық статистика жүргізілмейді.