Хабар телеарнасы

Әлем бойынша миллиардқа жуық адам үйінде отыр

Бұл туралы ДДСҰ мәлімдеді. Соңғы бір тәулікте COVID-19 40 мыңға жуық адамнан анықталып, 1 722 адам қайтыс болды. Осылайша қауіпті кеселден көз жұмғандар саны 16 мыңнан асты. Инфекцияның таралуын тоқтату үшін үйден шықпау маңызды. «Бұған Қытайдың тәжірибесі дәлел», – дейді мамандар. «France-Presse» агенттігінің есебінше, қазір әлемнің 35 елінде бір миллиардқа жуық адам оқшаулануды жөн көрген. 600 млн-ы ережеге бағынып, үйде отыр. Індет дендеп тұрған Еуропа елдерінде карантин талаптарын орындамағандарға айыппұл салынады. Ал кей мемлекеттер азаматтарды мобильдік қосымшаның көмегімен бақылап отырған көрінеді.

Ухань. Қауіпті індет алғаш осында анықталған. 11 млн халқы бар қалада қаңтар айының соңында карантин енгізіліп, тұрғындардың шығуына тыйым салынды, бүкіл Хубэй провинциясы оқшауланды. Елде өндіріс ошақтары, оқу орындары мен дүкендер жабылып, тұрғындардың сыртқа шығуына тыйым салынды. Халыққа бетперде тағу міндеттелді.

Аймақта карантин мерзімі аяқталды. Екі аптадан соң Уханьның да қақпасы ашылады. Бірақ қалаға ауру-сырқаудан аман тұрғындар ғана кіріп-шыға алады.

Цзоу Ю, қоғамдық бақылау бөлімі басшысының орынбасары:

- Аймақта індеттің таралуы тоқтаса, жұмысқа баратын тұрғындар қалаға кіріп-шыға алады. Бірақ денсаулықты бақылайтын ұялы телефон қосымшасында жасыл код және дене қызуы қалыпты деген анықтама болуы керек.

Қытай эпидемияның тарауына тосқауыл қойды. «Бұл – ұйымшылдықтың, сақтық пен қатаң тәртіптің нәтижесі», – дейді мамандар.

Брюс Эйлвард, ДДСҰ бас директорының орынбасары:

- Қытайда қабылданған шаралар нәтиже беріп, вирусты жұқтырғандардың саны азайды. Бұл жағдайды бақылауға алуға болатынын көрсетті. Өзге елдер Қытайдың тәжірибесін үйреніп, сақтық шараларын күшейтіп жатыр.

Коронавирусқа қарсы шараларды күшейтіп жатқан елдердің бірі – Италия. Індеттің Еуропадағы ошағына айналған елде жағдай аса ауыр. COVID-19 69 мың адамнан анықталып, 7 мыңдайы кеселден көз жұмды. Науқастар саны күн сайын өсіп келеді. Италияда эпидемияның өршуіне халықтың бейқамдығы мен биліктің алдын алу шараларын уақытында жасамауы себеп болды. «Адамдар жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін түсінбеген елдерде Италиядағы жағдай қайталануы мүмкін», – дейді мамандар. Қазір Италияда карантин жарияланып, ел қатаң режимге көшті. 60 млн адам үйде отыр. Талаптарды орындамағандар жазаға тартылады. Тұрғындар «жағдай енді оңалады» дегенге сенеді.

Марцио Тониоло, Италия тұрғыны:

- Күн сайын құрбандар саны артып барады. Әйтсе де енді өлім-жітім саны азаяды деп ойлаймын. Өйткені соңғы екі аптада халық жағдайды түсініп, ескертулерге құлақ асып, үйден шықпай отыр. Соның нәтижесін жуық арада көреміз деп үміттенемін.

31 пациент. Оңтүстік Кореяда өткен айдың ортасында елде 31 адамнан инфекция анықталды. Алайда 10 күнде науқастардың саны күрт өсіп, 5 мыңға жетті. Бұл ақпарат елді елең еткізген еді. Мамандардың айтуынша, вирус 31 қаңтар мен 2 ақпан аралығында өршіп кеткен. Індетті осы 31 пациентке Тэгу қаласында мыңға жуық адам қатысқан жерлеу рәсімінде болған әйел таратқан.

Авторы: Меруерт Жақан