Хабар телеарнасы

Әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 209 мыңнан асты

Қазір COVID-19 құрбандары Италияда көп. Екінші орында Қытай. Қайғылы оқиғалар көрсеткіші бойынша үшінші орында Иран тұр. Онда 10 минут сайын бір адам қайтыс болады. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі келтірген дерек осындай. Билік өкілдері алдағы Наурыз мерекесіне қатты алаңдаушылық білдіруде. Өлім-жітім көрсеткіші Испания мен Францияға да оңай тиіп тұрған жоқ.

Италияда коронавирустан қайтыс болғандар саны Қытайдан асып кетті. Жұқпалы індеттен соңғы бір тәулікте елде 427 адам көз жұмып, құрбандар саны 3 400-ге жетті. 41 мың адам вирус жұқтырды. Қазір Ломбардияның Бергамо қаласындағы ахуал өте қиын. Қалалық крематорий мәйіттерді қабылдап үлгермей, бақилық болғандардың денелері жақын маңдағы қалаларға жеткізілуде. Жағдайды бақылап отырған дәрігер-сарапшылар Италия билігін қатаң сынға алып отыр.

Даниэла, мейірбике:

- Күйзелістеміз. Ломбардиядағы жағдайды бақылауға ала алмай отырмыз. Вирус жұқтырғандардың саны көп. Біз қазір құрбандарды санауды да қойдық. Италиядан келіп жатқан хабарға назар аударып, мәселенің ауқымын ескеріңіздер. Мұндайды елестету қиын. Бекем болайық.

Италия осымен екі апта бойы карантинде. Білім беру мекемелері жабық. Туристердің елге кіруіне тыйым салынған. Алғашында 3 сәуірге дейін қабылданған шара мерзімі ұзартылмақ.

Германия Канцлері: «Коронавирусты ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейінгі үлкен қасірет», – дейді. Елде қауіпті кеселді жұқтырғандар саны 14 мыңға жуық. Бұған дейін Ангела Меркель 83 млн-ға жуық халқы бар Германияның 70% вирус жұқтыруы мүмкін екендігін мәлімдеген еді.

COVID-19 вирусы тез тарап бара жатқан елдердің бірі – АҚШ. Осы уақытқа дейін инфекция 14 мыңдай адамнан табылды. 200 науқас көз жұмды. Бүгін 40 млн тұрғыны бар Калифорния штатында карантин жарияланды.

Гэвин Ньюсом, Калифорния губернаторы:

- Тұрғындарды сыртқа шықпауға шақырамын. Бұл тәртіп енді күшіне енеді. Үйде болып, халық көп жиналатын орындарға бармаңыздар. Вирустың таралуын тоқтатпасақ, штат халқынының 56%, яғни 22 млн адам оны жұқтыруы мүмкін.

Ал Испания ел аумағындағы барлық қонақ үйді жауып жатыр. Кемпингтер мен автофургон тұрақтары да уақытша қызметін тоқтатады. Бұл да – індеттің таралуын тежеудің қамы. Бүгінде мұнда вирусты 17 мыңнан астам адам жұқтырған.

Канн кинофестивалі биыл белгіленген уақытында өтпейді. Бұған да коронавирус себеп. Мамыр айына жоспарланған фестиваль маусымның соңына не шілденің басына қалдырылуы мүмкін.

Қазір бірнеше ел қауіпті кеселге қарсы вакцина әзірлеп, зерттеу жүргізіп жатыр. АҚШ-тағы Аллергиялық және инфекциялық аурулар институтының мамандарының мәліметінше, коронавирус пластик заттар мен тот баспайтын болатта бірнеше күн, ал ауада 3 сағатқа дейін сақталады екен.

Авторы: Меруерт Жақан