Хабар телеарнасы

Мюнхен қауіпсіздік конференциясының 58-отырысы басталады

Жұма күні Германияның Мюнхен қаласында 56-шы Мюнхен қауіпсіздік конференциясы өтеді. Оған әлемнің 74 мемлекетінің өкілдері қатысып, осы мәселелерді тағы бір мәрте талқылайды, шешімін іздейді. Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысуға Франция президенті Эмманюэль Макрон, Катар әмірі Шейх әль-Тани, Польша, Латвия, Әзербайжан елдерінің басшылары келеді. Бұл форумға қазақстандық делегацияны Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бастап барады.

Әлем қауіпсіздігіне төнер қауіп күшейген сайын оны талқылайтын алаңдар да көбейіп келеді. Бірақ Мюнхен конференциясы солардың ішіндегі ежелгісі әрі беделдісі деуге әбден болады. Жыл сайын президенттер бастап, саясаткерлер мен дипломаттар қоштап Мюнхенге мәмілесуге жиналады. Биыл да бұл дәстүр бұзылмады. Осымен 56-шы мәрте өтетін Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясы ауқымы мен маңызы жағынан жылдағысынан кем түспейтін түрі бар.

Дәстүр бойынша конференция Мюнхеннің дәл ортасында орналасқан «Бавар сарайы» атты 5 жұлдызды қонақүйде өтеді. Алдағы 3 күнде 170 жылдың тарихы бар зәулім ғимарат маңызды меймандар тұрақтайтын орынға айналады. Демек, полиция қызметкерлерінің де жұмысы қызады. Себебі әлем қауіпсіздігін талқылайтын тұлғалардың қауіпсіздігін қамту – міндет. Бұл күндері «саясатқа араласпаймын» дейтін баварлықтың өзі бұл конференция туралы пікірін айтудан бас тартпайды. Себебі шынымен қауіпсіздік адамзат үшін басты құндылыққа айналып бара жатыр.

Алдағы конференцияда Еуроодақ пен НАТО-ның болашағы, АҚШ, Ресей Федерациясы, Қытай және басқа елдер арасындағы өзара қарым-қатынас, Таяу Шығыстағы жағдай, ядролық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік, денсаулық сақтау мәселелері, жалған ақпарат, сауда соғыстары мен санкциялар секілді салмақты тақырыптар талқыланады.

Дәл осы әлем қауіпсіздігі мәселесіне келгенде Қазақстанның қалыс қалмайтыны анық. Биыл бұл конференцияға біздің делегацияны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бастап келеді. Бұған дейін Сенат спикері ретінде конференцияға келген еді, енді ҚР Президенті ретінде қатысқалы отыр. Бұл Қазақстанның бітімгершілік бастамаларын сөзсіз нықтай түседі.

Конференция сонау 1962 жылдан бері үзбей өтіп келеді. Алғашқы конференция тарихта: «Кариб дағдарысын шешуге арналған», – деседі. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, Мюнхен қауіпсіздік конференциясына арқау болатын адамзат проблемасы азайған жоқ. Өкініштісі сол, азаймайтын да секілді. Себебі конференцияға сол әлем қауіпсіздігін қамтамасыз ететін саясаткерлердің біразы қатыспайтын болды. Атап айтқанда, Ресей Президенті Владимир Путин, Ангела Меркель мен Си Цзиньпиннің Мюнхенге келмейтіні хабарланды.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов, Айдос Серікболұлы