Хабар телеарнасы

«Хабар» Агенттігінде «Эфирдегі сөз мәдениеті» семинары өтті

«Хабар» агенттігінің ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары Агенттікке қарасты телеарналардың қызметкерлеріне, хабар жүргізушілеріне, редакторлары мен  тілшілеріне «Эфирдегі сөз мәдениеті» семинарын өткізді.

Тіл білімі институтының директоры, белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан мен Институттың Ахметтану бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова «Ауызша сөз нормасы: үндестік заңы мен орфоэпия» және «Эфирдегі сөз қуаты: сөз сазы мен интонация» тақырыптарын көтерді. Бұдан бөлек семинар барысында ауызша сөйлеудің сапасы мен ырғағы, эфир тілінің ерекшеліктері мен журналистің сөз саптауы секілді тақырыптар қарастырылып, «Хабар» телеарнасы көрсетілімдерінің түрі мен мазмұны, саладағы жаңашылдық пен дәстүр мәселесі талқыланды.

«Телевизияның атқарар міндеті, жалпы қоғамға әсері зор. Эфирде айтылатын сөз, интонация, журналистің сөз саптауы маңызды рөл атқарады. Журналистер сауатты жазып, сөйлесе, көрерменнің де сөз қолданысы түзу болады. Бүгінгідей семинарды өткізуге келісімін берген Анар Фазылжанова бастаған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына зор алғыс білдіремін. Біз үйренуден жалықпаймыз. Нағыз тіл мамандары тілшілерімізге эфирдегі тіл мәдениетін үйретіп, осы бағыттағы өзекті мәселелерді бірлесе талқыласа, жақсы нәтиже шығары анық»,- деді Басқарма Төрағасы Берік Уәли.   

Семинар барысында лингвист-ғалымдар Тіл білімі институтының жаңа электрондық ресурстарын таныстырып, тіл ғылымы саласына қатысты монографиялық еңбектерін табыстады.

«Хабар» агенттігі мұндай семинарларды болашақта да тұрақты түрде ұйымдастырып тұрады.