Хабар телеарнасы

10 бала асырап алған қостанайлық Нұрлан мен Қарлыға есімдері бүкіл елімізге мәшһүр

Қиын кезеңде осындай ерлік жасаған отбасының өмір жолының желісімен «Бозторғай» телехикаясы түсірілді.

Бауырына басқан сол балалардың барлығы бүгінде ер жетті. Мереке күндері бәрі қарашаңырақта бас қосады. Аналары Қарлығаның 60 жасқа толу мерейтойында да сол әдеттерінен жаңылған жоқ.

Бұл Рита деген келінінің мерейтойға деген ән тартуы. Қарап отырып, осы отбасындағы әке мен бала, ене мен келін арасындағы жарасымды сыйластық, риясыз көңілге риза боласың. Оның бәрі балаларын байлығы санаған ата-ана мейірімімен, тәрбиесімен сіңгендігін ұғынасың. Ал бастапқыда тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезінде өздерінің екі нәрестесі бола тұра, жетімдер үйінен он бала асырап алған. Сондай қиындықтарға қарамай, тіпті үкіметтің көмек-қолдауына да иек артпай балаларын бөліп жармай бәрін өсіріп жеткізді.

Нұрлан Садықов, көпбалалы әке: 
- Балаларымыздың бәрі атқа шапты, мал бағуды білді, құс та өсірдік.Түрлі мамандыққа үйреттік. Аспаз болды, тігінші болды. Бәрін білген жақсы деп үйреттім. Қазір біреуі – мұғалім, біреуі бизнесте жүр. Соның бәріне қуанып отырамын.

Бауырмалдықта өскен балалар ата-ана атына кір келтірген емес. Бәрі оқыды, мамандық алды, бала-шағалы болды. Қазір сол он екі баладан Нұрлан мен Қарлыға 25 немере сүйіп отыр.

Ақмарал Садықова, әулеттің келіні: 
-  Өзімнің туып-өскен жерім – Көкшетау. Қостанай қаласына келін боп түскенмін. Қазір ата-енеммен тұрамын. Олар өте жақсы кісілер. Маған өзінің туған қыздарындай қарады. Осы үйде 12 бала тәрбиеленіп шықса, мен осы үйді бақытты отбасы деп ойлаймын.

Садықовтар отбасының қызықты да, қилы тағдыры кино саласының мамандарын да бей жай қалдырған жоқ. Олар әр басылымдағы жазбаларды жинақтап, кейіпкерлермен кездесіп, шынайы оқиғаға құрылған 15 сериялы телехикая түсірді.

Жалын Тілеуберген, «БОЗТОРҒАЙ» телехикаясының продюсері: 
- Бала асырауға қадам жасай алмай жүрген ата-аналарға немесе өзінің баласынан бас тартып жатқан ата-аналарға ой салса деген осы кісілер арқылы миссиямыз болды өзіміздің. Пікірлердің арасында жазылған кісілер бар, осыған дейін бекіне алмай жүрем, енді бала асырап алатын болдым деген сияқты пікірлер бар. Соған қарап мен ойламын біздің миссиямыз орындалды ма екен деп.

Бұл телехикая көрермендер арасында қызығушылық тудырып отыр. Хабардың TouTube арнасы арқылы қаралым миллионнан асқан.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг