ҚР президенттігіне үміткерлер үшін ақпараттық хабарлама

ҚР президенттігіне үміткерлер үшін ақпараттық хабарлама

«Хабар» Агенттігі» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Агенттік) – «Хабар», «Хабар 24», «Еl Arna» телеарналарының (бұдан әрі – Телеарналар) меншік иесі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес сайлауалды үгіт материалдарын (бұдан әрі – Үгіт материалдары) орналастыру үшін Телеарналарда эфирлік уақыт беру шарттары мен тәртібі, төлем мөлшері туралы хабарлайды.

Телеарналар Агенттік пен Президенттікке үміткер (бұдан әрі – Үміткер) арасында немесе Үміткердің уәкілетті өкілімен жасалатын жазбаша шарт негізінде және Телеарна бекіткен монтаждау парақтарына сәйкес эфирлік уақыт береді. Сонымен қоса, монтаждау парақтары жазбаша өтініш берілген күні Телеарналарда бар техникалық мүмкіндіктерге сәйкес, яғни Телеарналардың эфирлік уақытының жоспарлы уақыт аралығында жарнаманың болуына және/немесе болмауына қарай, Үгіт материалдарының эфирге жоспарлы шығуына дейін күнтізбелік 3 (үш) күн бұрын әзірленеді.

Телеарнада эфирлік уақыт беру төмендегі Үгіт материалдарын орналастыру жолымен жүзеге асырылады:

1) қазақ және/немесе орыс тілдеріндегі бейнероликтер;

2) арнайы репортаждар;

3) өзге де Үгіт материалдары.

Үміткердің не болмаса оның уәкілетті өкілінің Агенттік басшысының атына жазған жазбаша өтініші эфирлік уақыт беру туралы шарт жасау үшін негіздеме болып табылады.  

Үгіт материалдарының саны, хронометражы, эфирге орналастыру жоспарланған күн мен уақыт Үміткердің не болмаса оның уәкілетті өкілінің жазбаша өтінішінде көрсетіледі, олар кейін шарт талаптарымен бекітіледі.

Өтініш Үміткерлердің өтініштерін тіркеу журналында, кезектілік тәртібінде, өтініштердің келіп түскен күнін көрсете отырып, әр жазбаша өтінішке реттік нөмір беру арқылы тіркеледі.

Жазбаша өтінішке мынадай құжаттар қоса берілуі керек:

1) Үміткердің тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі;

2) Үміткер өкілінің уәкілеттігін растайтын құжаттың көшірмесі;

3) өтініш берген тұлғаның жеке куәлігінің көшірмесі;

4) шарт жасау үшін тұлғаның өкілеттігін растайтын құжаттар.

Телеарналар эфирінде Үміткерлердің Үгіт материалдарын орналастыру кезектілігі жазбаша өтініштердің келіп түсу ретімен не болмаса, егер өтініштер бір уақытта келіп түскен жағдайда, жеребе бойынша белгіленеді. Жеребе өткізу тәртібі мен шарттарын Агенттік белгілейді.

Егер жазбаша өтініш келіп түскен сәтте, сұратылып отырған уақыт ертерек жүгінген басқа Үміткерге берілген жағдайда, не техникалық мүмкіндіктерге байланысты берілуі мүмкін болмаса, Агенттік Телеарналардың техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, Үміткерге Үгіт материалдарын орналастыру үшін басқа уақыт ұсынады.

Үгіт материалдары Агентікке материалдардың эфирге жоспарлы шығуына дейін кем дегенде күнтізбелік 3 (үш) күн бұрын ұсынылуы тиіс.

Үгіт материалдары төмендегі талаптарға сай болуы тиіс:

  • бейне форматы: кодек MPEG2, Chroma 4:2:2, битрэйт 50 МБит/сек, секундына 25 кадр, таралымы 1920x1080, кескін жаймасы interlaced, сызықтар құрылымының жүйесі – үстіңгі сызық бірінші (topfieldfirst), кадр арақатынасы 16:9;
  • аудио форматы: PCM, WAV форматы, 24 бит, 48 kHz, деңгейі - 12 ДБ, материалдың соңғы нұсқасындағы дыбыс 1-стерео арнаның сол жолағына қарай түйістіріліп, оң жолаққа қайталануы керек (жалған стерео). Бейне және аудио MXFOP-1a контейнерінде болуы керек, HD үшін, SD үшін mpeg2 кодекімен бейнені қысуды пайдаланатын әртүрлі контейнерлерге (avi, mpg, mov, mxf және т.б.) рұқсат етіледі.

Үгіт материалдар сыртқы тасығыштарда (қатқыл диск, флеш карта) беріледі.

Электрондық бейнетасығышпен бір мезгілде эфирлік уақыт беру туралы шартқа қол қоюға уәкілетті тұлғаның қолы қойылған Үгіт материалының мазмұны болып табылатын мәтіннің түсіндірмесі, суреттері Үгіт материалдарында пайдаланылған тұлғалардың жазбаша рұқсаттары, ал олар қайтыс болған жағдайда – мұрагерлердің жазбаша рұқсаттары, жарнамалық материалдарда кәмелетке толмаған балалардың суреттері пайдаланылған жағдайда – ата-аналардың, қамқоршылардың, жанашырлардың жазбаша рұқсаттары беріледі.

Үгіт материалдарында қаржыландыру көздері туралы дыбыстық немесе визуалды ақпарат болуы тиіс.

Үгіт материалдарын ұсынған үміткерлер олардың мазмұнының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, соның ішінде авторлық және сабақтас құқықтар саласындағы заңнамаға сәйкес болуына дербес жауапты болады.

Осы ақпараттық хабарламада көрсетілген талаптар мен тәртіпті бұзған жағдайда, сондай-ақ тиісті шарт талаптары бұзылған кезде Үгіт материалдарын эфирге шығару жүргізілмейді не болмаса бұзушылық жойылғанға дейін тоқтатылады.

Егер Үгіт материалдарында конституциялық құрылысты күштеп өзгерту, республиканың тұтастығын бұзу, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, топтық және тектік араздықты қоздыру, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұру, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құрамалар құру идеялары болса, Агенттік оларды эфирге шығарудан бас тартады.

Агенттік Үгіт материалдарында Қазақстан Республикасының Президенттігіне басқа да үміткерлердің арына, намысына немесе іскерлік беделіне зиян келтіруі мүмкін ақпарат болған жағдайда оларды эфирге шығарудан бас тартуға құқылы.

Осы ақпараттық хабарламада көрсетілген эфирлік уақытты беру тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасы уәкілетті органдарының талаптарына сәйкес түзетілуі мүмкін.

Үгіт материалдарын Телеарналарға орналастыру құны мен тілі

 

Телеарна атауы

Орналастыру тілі

ҚҚС есебімен 1 минутқа құны, теңге

1.

«Хабар»

Қазақ, орыс

150 000 (бір жүз елу мың)

2.

«Хабар 24»

Қазақ, орыс

150 000 (бір жүз елу мың)

3.

«Еl Arna»

Қазақ, орыс

42 000 (қырық екі мың)

 

Орналастыру құны Телеарналардың барлық қолжетімді хабар тарату орталарында (эфирлік аналогтық, эфирлік цифрлық, спутниктік, сондай-ақ кабельдік операторлар арқылы және Интернет желісінде онлайн тарату) трансляциялауды және ретрансляциялауды қамтиды.

Жасалған шарт бойынша Телеарнада Үгіт материалдарын таратқаны үшін төлем жасау Агенттік ұсынған төлем шоты негізінде шот берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Агенттік жазбаша өтініштерді 2022 жылғы 17 қазаннан бастап 2022 жылғы 15 қарашаны қоса алғандағы мерзімге дейінгі аралықта, демалыс және мереке күндерін есептемегенде, сағат 10:00 бастап сағат 17:00 дейін (жергілікті уақыт бойынша), үзіліс уақыты – сағат 13:00 бастап сағат 14:00 дейін, Астана қаласы, Қонаев көшесі, 4, 9-қабат, 8-кеңсе мекенжайы бойынша қабылдайды, байланыс телефондары: 8(7172)757 617, 8(7172)757 618, 8(7172)757 686.

Жазбаша өтініштер факсимильді және Интернет байланыс арқылы қабылданбайды.

 «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы       Б. Уәли