10:00Эфирде: Телесериал «Березка»
12:00Әрі қарай: Жаңалықтар
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Тұсаукесер: «Оян!» бағдарламасы эфирге шықты

Тұсаукесер: «Оян!» бағдарламасы эфирге шықты

Ояна сала «Хабарды» қоссаңыз, өкінбейсіз. Арнада су жаңа форматта ақпараттық-танымдық көңілашар бағдарламасы эфирге шыға бастады.

Таңғы 7-ден 10-ға дейін 3 сағат бойы көрермен сан алуан ақпаратқа қанығады. Дәл мұндай жаңаша стильдегі таңғы шоу «Хабар» арнасында бұрын-соңды болмаған. Таңалагеуімнен эфирге шығатын «Хабардың» күнбастар бағдарламасының «Оян!» деп аталуы кездейсоқ емес. Астарында көзі ашық, қабілеті кемел қоғам болып жұмыла оянуға шақыру жатыр.

Берік Уәли, «ֿХабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:

- «Оян!» мотиві кезінде Алаштың аяулысы Міржақып Дулатұлының қаламынан туып, күллі түркі әлемінің ортақ ұранына айналғаны баршаға мәлім. Ояну қазақтың білімге, өнерге, технологияға ұмтылысының бастауы болды. Бұл сөз қазір де, ертең де мәнісін жоғалтпайтын асыл мұрат болуы керек. Біз таңмен қатар оянып, уақыттың көші мен сынын ояу отырып қарсы алсақ қана ұлттығымыз бен елдігіміз баянды болады.

Жоба мақсаты көңілді сергіту ғана емес. Яғни дамудың қалтарысында қалмай, мақсат-мұратқа жетуге ұмтылу, тымырсып жатпай, тығырықтан шығар жол іздеу. Осыған шақырып, ой салатын танымдық шоуда сан қилы өзекті тақырып қозғалады. Денсаулық, спорт, кәсіп туралы қысқа да қызықты бейнеметариалдар көрсетіліп, қоғамға керек кеңес берілмек. Студия төріне елге пайдасын тигізген ғалымдар, өз ісінде озық шыққан мамандар, елге танымал жұлдыздар шақырылады. Әрине, жаңа стильдегі жоба салмақты дайындықпен эфирге шығарылды.

Жайна Сламбек, «Хабар» телеарнасының директоры:

- Мың сан проблемаға қарамай, оян да сілкін, оян да оқы, оян да жұмыс істе, оян да тіршілігіңді түрлендіруге, байытуға, мағыналы етуге қызмет істе деген ұран ғой. Әрине, таңғы бағдарламаның өз форматы, стилі бар, дегенмен әрбір сөзіміз пәтуалы сөз болса екен, әр кеңесіміз пайдалы кеңес болса екен деген ниеттерімізді мұрат қылып осы жобаны шығарып отырмыз.

Әрине, ояту ой салу дейміз. «Оян!» жеңіл форматтағы таңғы бағдарлама болғанымен, жоба көңілге түйерлік пайдалы ақпаратқа толы болады деп сендіргіміз келеді. «Оян!» жобасын төрт жүргізуші екі екіден кезекпен жүргізеді. «Таңғы шоуды жасаудағы тағы бір ұстаным – еш жасандылық жоқ, бәрін барынша шынайы көрсету», - дейді оның жетекшісі. Айдарларды әзірлеп, тұщымды дүние жасау үшін бағдарлама төңірегінде 30 адам жұмыс істемек.

Берік Уәли, «ֿХабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:

- Алаштың тағы бір асыл азаматы Смағұл Сәдуақасұлының сөзі де осыған саяды. »Ұлттың жоғын ояу жүріп іздеу керек», - дейді ол. Яғни бәріміз еліміздің мұң-мұқтажын ояу жүріп бірге іздейік. «Оян!» бағдарламасының да мақсат-мұраты сол. Мәртебелі көрерменді ақ таңда асыл арманмен ояту! Олай болса күнде таңертең «Хабар» арнасымен бірге оянайық!

Атауы айтып тұрғандай «Оян!» қоғамды игілікті істерге жетелеуге ой салатын идеологиялық мақсаты тың бағдарламаға айналар деген сенім зор. 

Авторы: Индира Жылқайдарова

Сондай-ақ...