Хабар телеарнасы

El ARNA телеарнасына 5 жыл

Бұл мерзімде El ARNA телеарнасында жүзден астам отандық кинотуынды мен түрлі танымдық хабарлар көрерменге жол тартты. Ал жаңа маусымда арна контенті одан әрі толыға түспек. Ондағы қызықты жобалар мен алдағы жоспарлар туралы тілшіміз әңгімелейді.

El ARNА – аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат бойы көркем фильмдер мен деректі жобалар көрсететін еліміздегі алғашқы арна. Тура 5 жыл бұрын ол отандық кинотуындыларды көпшілікке кеңінен насихаттау мақсатында тұңғыш рет эфирге шықты. Содан бері арна төл туындыларымыздан бөлек, түркі әлемі мен Орталық Азия мемлекеттерінің «Алтын қорында» сақталған ленталарды көрсетіп келеді. Арна ұжымы мұнымен шектелмей, аудиториясын ұдайы қысқаметражды фильмдермен қуантуға тырысады.

Әсел Игісінова EL ARNA телеарнасының режиссері:

- Бес жылда біздің арна телевизия нарығында өз орнын тапты десек артық айтпаймыз. Басында біз тарихи фильмдерді көрсетумен шектелсек, бүгінде өзіміз қысқаметражды киноны түсіруді қолға алдық. Жылына бір-екі туындыны эфирге шығарамыз. Сондай-ақ спектакльдер мен театрдағы қойылымдарды түсіріп, қалың көрермен назарына ұсынып жатырмыз.

Күн сайын арна эфирінен көркем фильмдер мен сериалдар ғана емес, кадрдан тыс қалған дүниелерді де көруге болады. Мәселен, өнер саласында еңбек етіп жүрген тұлғалар мен ақын-жазушылардың сұхбаты ұдайы шығып отырады. Жақын арада бағдарламалар тізімі одан әрі ұлғаймақ. «Эфирге 17 жоба шығарамыз», - дейді арна продюсері.

Нұржан Асхатұлы, EL ARNA телеарнасының продюсері:

- Биылғы маусымда жаңа бағдарламалардың тұсауы кесіледі. Географиялық, философиялық, танымдық бағдарламалар бар. Өнер, кино, медицина, білім секілді – барлық саланы қамтыған бағдарламаларды біздің арнамыздан көре аласыздар.

El ARNA Шәкен Айманов атындағы киностудиямен тікелей жұмыс істейді. Сондықтан онда түсірілген туындыларды арнаның эфирінен көруге болады. Атақты режиссерлермен де келісімдер жасалып, олардың халықаралық фестивальдерге ұсынған фильмдерін арнаның тікелей эфирінен тамашалауға мүмкіндік бар. Айта кетерлігі, El ARNA телеарнасының өзі де еліміздегі бірқатар кинофестивальды ұйымдастыруға атсалысып, ақпараттық демеуші болған.

Авторлары: Дана Алиева, Наурызбай Құрманғазы